Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізуге арналған шекті бағаны қазіргі деңгейде сақтау жоспарлануда. Осыған байланысты тиісті құжат әзірленіп, «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.
Энергетика министрінің «Қазақстан Республикасының ішкі нарығына тауар биржаларынан тыс сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде оны көтерме саудада өткізуге арналған шекті бағаны бекіту туралы» бұйрығының жобасы дайындалды.
Министрлік 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізуге арналған шекті бағаны бұрынғы деңгейде қайта бекітуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта қолданыстағы шекті көтерме баға қосылған құн салығын (ҚҚС) есептемегенде, тоннасына 59 722 теңгені құрайды.
Құжат 27 қарашаға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Еске салайық, шілде айында Энергетика министрі Қазақстанда сұйытылған газ бағасын жыл соңына дейін көтермеу туралы бұйрыққа қол қойған болатын.
Құжатта 2026 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының ішкі нарығына тауар биржаларынан тыс жеткізілетін сұйытылған мұнай газының көтерме саудадағы шекті бағасы қосылған құн салығын есептемегенде, тоннасына 59 722 теңге мөлшерінде белгіленген.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









