РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ КЕНТАУ ТҰРҒЫНДАРЫНА ЖОЛДАУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫН ТҮСІНДІРДІ

    1 / 4

    Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында республикалық жұмыс тобы Түркістан облысына келді. Жұмыс тобының құрамында ҚР Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев және Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бар.

    Сапар аясында делегация мүшелері Кентау қаласының тұрғындарымен, сондай-ақ өндіріс және энергетика салаларының қызметкерлерімен кездесті.

    Алғашқы кездесу Кентау қаласы әкімдігінің ғимаратында өтті. Жиынды қала әкімі Жандос Тасов жүргізіп, республикалық жұмыс тобының мүшелерін жиналған қауымға таныстырды.

    Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген ел экономикасын жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, цифрлық экономиканы дамыту, инвестиция тарту, халықтың әл-ауқатын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.

    Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев электр энергетикасы саласын дамыту, еліміздің энергетикалық әлеуетін нығайту және электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз ету бағытындағы міндеттерге тоқталды.

    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, еңбек нарығын дамыту және азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелерін түсіндірді.

    Ал Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және цифрлық экономиканы қалыптастыру бағытындағы басымдықтарды баяндады.

    Кездесуге Кентау қаласының 150-ге жуық тұрғыны қатысты. Сонымен қатар қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхтар Молжігітов пен қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Бақытжан Аширбаев өз пікірлерін білдірді.

    Бұдан кейін республикалық жұмыс тобы Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығына барды. Онда делегация өкілдері кәсіпорынның жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті.

    Кәсіпорын 1952 жылы пайдалануға берілген. Нысанның негізгі қызметі – электр және жылу энергиясын өндіру. Қазіргі таңда кәсіпорында 241 қызметкер еңбек етеді.

    Кездесу барысында энергетика саласын жаңғырту, өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сала мамандарының еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері сөз болды. Вице-министрлер Жолдауда айқындалған міндеттер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары