ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 146 ӨНДІРІСТІК ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, 3 300-ГЕ ЖУЫҚ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

    1 / 4

    Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен өңірде шағын өндірістік парктер құру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде облыстың барлық ауданы мен қаласында жалпы саны 29 шағын өндірістік парктің құрылысы жүріп жатыр. Олардың жалпы аумағы 264,2 гектардан асады. Жоба аясында 275 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Аталған өндірістік алаңдарда 269 жобаны іске қосып, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

    Қазіргі таңда 178 ғимараттың құрылысы аяқталған, ал қалған 97 нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар жалпы құны 163 млрд теңгені құрайтын 146 жоба іске қосылып, нәтижесінде 3 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.

    Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен штаб отырысында мәлім болды. Жиында шағын өндірістік парктер құрылысының барысы, өндірістік жобаларды орналастыру және кәсіпорындарды іске қосу мәселелері талқыланды.

    Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға жұмысты жандандырып, құрылысы аяқталған ғимараттарға өндірістік жобаларды орналастыруды жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ атқарылған жұмыстар мен жоспарланған міндеттердің орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

    – Шағын өндірістік парктерді құрудағы басты мақсат – өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды созбалаңға салмай, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Құрылысы аяқталған ғимараттар бос тұрмауы тиіс. Әр аудан мен қала жобаларды орналастыру жұмыстарын жеделдетіп, инвесторлармен және кәсіпкерлермен байланысты күшейтуі қажет. Әрбір басталған жобаның уақытылы іске қосылуы бақылауда болады, – деді Қанат Қайыпбек.

    Жиын барысында аудан және қала әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарлары атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.

    Шағын өндірістік парктерде құрылыс материалдарын өндіру, жиһаз жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі, тұрмыстық техника, сондай-ақ дрондар мен бейнекамералар өндірісі сияқты басым бағыттар қамтылған.

    Қазіргі уақытта бұл аймақтарда сүт өнімдерін қайта өңдеу, металл қоршаулар мен темір бұйымдарын жасау, дәнекерлеу, құрылыс материалдарын өндіру, жиһаз жасау, қарамай және құрамажем өндіру цехтары іске қосылған. Сонымен қатар бірреттік гигиеналық қағаз өнімдерін, пластикалық есік-терезелер мен полиэтилен бұйымдарын, алюминий өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін сублимациялық әдіспен кептіру жобалары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, мал бордақылау алаңдары мен жүк көліктеріне қызмет көрсету орталықтары және басқа да өндірістік нысандар жұмыс істеп тұр.

    Бүгінде шағын өндірістік парктер құрудың екінші кезеңін іске асыру жұмыстары басталды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, өңірде жаңа кәсіпорындар ашуға және тұрақты жұмыс орындарының санын арттыруға мүмкіндік береді.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары