Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жеңіл жолмен ақша табудың қауіптілігі, дропперлік және заң алдындағы жауапкершілік мәселелері №5 «Таңдау» көпсалалы мектеп-гимназиясының оқушыларымен өткен кездесудің негізгі тақырыбына айналды.
Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметіне жетекшілік ету бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Әсел Елюбаева жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мектеп оқушыларымен кездесу өткізді.
Ашық пікір алмасу барысында оқушыларға жасөспірімдер қылмыстылығының салдары, жеңіл жолмен ақша табуды ұсынатын күмәнді ұсыныстардың қауіптілігі, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқыққа қайшы әрекеттерге, оның ішінде дропперлік схемаларға тарту мәселелері түсіндірілді.
Кездесу барысында қылмыстық жауапкершілік, электрондық білезіктерді қолдану және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бақылау жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өмірден алынған нақты мысалдар арқылы оқушыларға ойланбай қабылданған шешімдер мен оңай ақша табуға деген ұмтылыстың ауыр құқықтық салдарға әкеліп, адамның болашағына кері әсер етуі мүмкін екені түсіндірілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсынылған жағдайларды талқылап, белсенділік танытты.
Іс-шара соңында кездесуге белсенді қатысып, ерекше қызығушылық танытқан оқушыларға әділет подполковнигі Әсел Елюбаева жеке өзі тәтті сыйлықтар табыстады.
Мұндай профилактикалық кездесулер жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Өйткені кейде ойланбай жасалған бір ғана әрекет адамның болашағына балта шабуы мүмкін. Бүгін дұрыс таңдау жасау – ертеңгі мүмкіндіктерді сақтаудың кепілі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








