Бүгін, 11 қарашада Өскемен қаласының ең қарт тұрғындарының бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Павловна Светочева 104 жасқа толды.
Соғыс ардагері Анастасия Павловна Светочева 1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Ленинград қаласын қорғауға және блокадасын бұзуға қатысқан 26-шы жеке Ленинград Қызыл Ту байланыс полкінде қызмет етті. Ардагер I дәрежелі Отан соғысы орденінің иегері, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін Өскеменде құрылыс саласында еңбек етіп, облыс орталығының дамуына үлес қосты. Қоғамдық өмірге белсене араласып, қалалық Халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды.
Анастасия Павловна әлі күнге дейін өзінің ұзақ ғұмырында болған оқиғаларды, тіпті нақты күндеріне дейін ұмытпай, Өскемен қаласының қалай салынғанын, уақыт өте келе келбеті қалай өзгергенін жақсы біледі. Кездесулерге шақырылғанда, осы естеліктерін көпшілікпен ықыласпен бөліседі.
Ұзақ жасауының сырын кейуана салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, еңбек ету (айтпақшы, ол жер үйде тұрады, сондықтан атқаратын шаруасы да аз емес) және өмірге позитивті көзқараспен қараумен байланыстырады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









