Астана қаласы әкімдігінде ведомстволық жұмылдыру жаттығуы өткізілді

    1 / 14

    2026 жылғы 12 қарашада Астана қаласы әкімдігінде Астана қаласының Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Р.К. Бешевтің жетекшілігімен ведомстволық жұмылдыру жаттығуы өткізілді.

    Іс-шараның негізгі мақсаты – әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің жұмылдыру кезеңінде, әскери жағдай режимі енгізілген кезде және соғыс уақытында жұмыс істеуге дайындығын арттыру, сондай-ақ жауапты мамандардың білімі мен практикалық дағдыларын жетілдіру.

    Жаттығу барысында әскери міндеттілерді брондауды ұйымдастыру және оның тәртібі, сондай-ақ әскери жағдай режимі енгізілген кезде кадр қызметтерінің жауапты мамандарының іс-қимыл алгоритмі бойынша өзекті мәселелер қаралды.

    Басқарма қызметкерлері, брондау жөніндегі инспектор және Сарыарқа ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының өкілдері өз бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушыларға әскери міндеттілерді брондау жөніндегі іс-шараларды орындау тәртібі, жауапты тұлғалардың функционалдық міндеттері, сондай-ақ жұмылдыру және әскери жағдай кезінде жұмыс істеуге көшу кезіндегі іс-қимылдардың реттілігі жан-жақты түсіндірілді.

    Әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің уәкілетті органдармен өзара іс-қимылын ұйымдастыру, жұмылдыру іс-шараларын уақтылы орындау және ерекше кезеңде мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    Ведомстволық жұмылдыру жаттығуына Астана қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері және Сарыарқа ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының өкілдері қатысты.

    Мұндай іс-шараларды өткізу жұмылдыру дайындығы деңгейін арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің жұмылдыру кезеңінде, әскери жағдай кезінде және соғыс уақытында үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "«Астана қаласының Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы» мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары