ҚЫЗЫЛОРДАДА «БАЛАЛАР ҮНІ» ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР ОМБУДСМЕНДЕРІНІҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

    1 / 7

    20 қараша – Дүниежүзілік балалар күніне орай Қызылорда қаласындағы «Ai-Kerim» облыстық білім беру және сауықтыру орталығында «Балалар үні» облыстық форумы өтті.
    Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын кеңейту және өз пікірін еркін білдіруіне мүмкіндік жасауға бағытталған форумға мектептік, аудандық, қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі балалар өкілдіктерінің құрамына сайланған жас омбудсмендер қатысты.
    Іс-шараның басты ерекшелігі – балалардың өздерін толғандырған мәселелерді ашық көтеріп, оларды шешу жолдарын мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірге талқылауы.
    Форум жұмысын облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет ашып, балалардың құқықтарын қорғау, олардың бастамаларын қолдау және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды.
    Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Юлия Овечкина онлайн форматта қатысып, бала құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық стратегиялар туралы сөз қозғады.
    Форумның негізгі бөлімінде Қызылорда облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жақсыгүл Тоғанова баяндама жасады.
    Басқосуда республикалық балалар өкілдігінің 2024 жылғы құрамының мүшесі, Еуразия ұлттық университетінің студенті Мадина Тусупова, республикалық балалар өкілдігінің Қызылорда облысы бойынша мүшесі Мәди Бердіхан сөз сөйледі.
    Форум «Менің құқығым – менің болашағым» тақырыбындағы панельдік сессияға ұласты.
    Сессияны Қызылорда облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Ерлан Бәкіров кіріспе сөзбен ашты.
    Панельдік талқылауға Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев, облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Жұмакүл Баянова, облыстық жастар ресурстық орталығының өкілі Әли Кеңесұлы, облыстық полиция департаментінің ювеналдық полиция инспекторы Аружан Қайсариева және балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова қатысты.
    Сессия барысында балалардың психологиялық саулығы, құқықбұзушылық пен буллингтің алдын алу, әлеуметтік жобалардың рөлі, балалардың қауіпсіздігі және олардың құқықтарын қорғаудағы ортақ жауапкершілік мәселелері талқыланды.
    Форум соңында жас омбудсмендер үшін Қызылорда қаласының көрікті орындарына экскурсия ұйымдастырылып, қатысушыларға өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік жасалды.

    Қызылорда облысының балалардың
    құқықтарын қорғау басқармасы

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қызылорда облысының балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасы" жаңалықтары