Ардагерлерден «Жас сақшыға» дейін. Абай облысында ІІО ардагерлері күні үш буынды біріктірді

    Абай облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында ішкі істер органдарының ардагерлерін Жаңасемей ауданының «Жас сақшы» сыныбының оқушылары қарсы алды. Олар қызметкерлермен бірге өмірінің талай жылын ішкі істер органдарындағы қызметке арнаған ардагерлерді құттықтады. Салтанатты кездесу барысында ардагерлерге «Ардагерлер қоғамына қосқан үлесі үшін» медальдары мен алғыс хаттар табысталды.

    Абай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Эльдар Данияров ардагерлерге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және жас қызметкерлерді даярлауға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

    «Ішкі істер органдарының тарихының артында өз еңбегімен, батылдығымен және жауапкершілігімен қызметтің қалыптасуы мен нығаюына үлес қосқан адамдар тұр. Сіздер күрделі кәсіби жолдан өтіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және жас қызметкерлерді тәрбиелеуге елеулі үлес қостыңыздар. Сіздердің өмірлік және қызметтік тәжірибелеріңіз – баға жетпес мұра, ал мамандыққа деген адалдықтарыңыз – бүгінгі күні заң мен тәртіпті күзетіп жүрген жастар үшін лайықты үлгі», – деп атап өтті Эльдар Данияров.



    Табыс етілген медальдар ардагерлердің көпжылдық еңбегінің және ардагерлер қозғалысын дамытуға қосқан үлесінің лайықты бағасы болды. Кездесу барысында жас полицейлердің аға буын өкілдерінен үйренері мол екені де айтылды. Тәлімгер күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдауға, оның салдарын саралауға және өз шешімі үшін жауапкершілік алуға көмектеседі.

    Қонақтарға өңірдегі қызмет жағдайларының бүгінде қалай өзгеріп жатқаны таныстырылды. Бейнероликте бөлімшелер ғимараттарын жөндеу, автопаркті жаңарту, қызметкерлерді ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және бейнетіркегіш жетондармен жабдықтау, сондай-ақ жаңа учаскелік полиция пункттерін ашу жұмыстары көрсетілді.

    Ардагерлер үшін бұл күн бұрынғы әріптестерімен қайта қауышып, қызметте өткізген жылдарын еске алуға мүмкіндік берді. Ал оқушылар үшін Абай облысы ішкі істер органдарының тарихы сол тарихты өздері қалыптастырған жандардың аузынан тыңдалған тағылымды әңгімеге айналды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары