Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде The Planet of Art – 2026 халықаралық жастар фестивалінің алтыншы музыкалық кезеңі аясында «Келісім симфониясы» гала-концерті өтті. Концертте Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының симфониялық оркестрі дирижер Барбара Поплавскаяның жетекшілігімен өнер көрсетті.
Қатысушылар мен қонақтарды ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Наяф әл-Файез құттықтады. Концертті тамашалаған мыңнан астам қонақтың қатарында ЮНЕСКО Хатшылығының, дипломатиялық корпустың және Франция жұртшылығының өкілдері болды.
Оркестр фестивальдің Қазақстан, Әзербайжан, Қытай, Нидерланд, Румыния, АҚШ, Өзбекстан, Франция, Швейцария және Швеция сынды он елден келген жас лауреаттарымен бірге өнер көрсетті.
Концертте әлемдік классика, қазақ музыкасы және заманауи эстрада туындылары орындалды. Сондай-ақ поп-джаз ұжымы мен ЮНЕСКО клубы мәртебесіне ие А. Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің оқушылары сахнаға шықты.
Фестивальді Қазақстанның ЮНЕСКО клубтарының ұлттық федерациясы ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының дүниежүзілік федерациясымен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстанның осы дүниежүзілік федерацияға төрағалығы аясында өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









