Жаңа Кодекс – тың мүмкіндіктер кепілі.

    Жаңа Кодекс – тың мүмкіндіктер кепілі
    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 28 қазан­да Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақ­стан­ның өзекті міндеттері» атты Жолдауында болашақ эко­но­микасына көшудің құқықтық негізін қалыптастыру үшін жаңа Азаматтық кодекс әзірлеуді тапсырды. Бұл – елдің эко­номикалық дамуына тың серпін берумен қатар, әрбір азамат­тың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бастама.
    Өйткені баспана сатып алу, жеке кәсіп ашу, цифрлық платформалар арқылы қызмет алу, мүлікті мұраға қалдыру сияқты күнделікті тіршіліктегі көптеген мәселе азаматтық заңнама арқылы реттеледі. Заң нормаларының түсінікті, нақты әрі өзара үйле­сімді болуы азаматтардың өз мүл­кіне еркін иелік етуіне, ке­лісім­шарт жасасуына және заң­ды мүдделерін қорғауына сенім­ді құқықтық негіз қалайды. Сон­­дықтан жаңа Азаматтық ко­дексті әзірлеу – азаматтардың құ­қық­­тарын қорғауды күшейтіп, құ­қықтық қатынастарды заман талабына бейімдеуге және ел эко­но­микасының орнықты дамуына жол ашатын маңызды қадам.
    Қазір жаңа Азаматтық ко­дексті әзірлеудің негізгі бағыт­тары айқындалып жатыр. Бас­ты мақсат – азаматтардың құқықта­рын қорғауды күшейту, мүліктік қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және жеке бас­та­маларға кеңінен жол ашу. Жаңа құжаттың мазмұны осы мін­деттерге негізделеді. Ал оларды жүзеге асырудың нақты тетіктері депутаттардың, мемлекеттік органдар өкілдерінің, ғалымдар мен тәжірибелі заңгерлердің қатысуымен жан-жақты талқы­ланып, пысықталады. Сондықтан қазірден бастап жаңа Кодекстен қандай нәтиже күтілетінін және оның азаматтардың күнделікті өмі­ріне қандай оң өзгерістер әке­ле­тінін қоғамға түсіндіру маңызды.
    2026 жылы қабылданған жаңа Конституция азаматтық заң­на­маны жаңғыртудың бас­ты құн­­ды­лықтық бағдарын ай­қын­дай­ды. Адамды, оның өмі­рін, құ­қық­­тары мен бостандық­тарын мем­­­лекеттің ең жоғары құнды­лық­­тары ретінде тану қағидаты нақты құқықтық тетіктер арқы­лы жүзеге асырылуға тиіс. Сондық­тан жаңа Кодекстің әрбір нормасын әзірлегенде оның адам мүд­де­сіне қаншалықты сай келе­­ті­ніне және азаматтардың өз құқық­тарын іс жүзінде қорғауына қандай мүмкіндік беретініне баса мән беруіміз қажет.
    Бұл ұстаным, әсіресе, жеке мүліктік емес құқықтарды қор­ғау­да айрықша маңызға ие. Адам­ның қадір-қасиеті, жеке өмі­ріне қол сұғылмауы және дербес де­рек­терінің құпиялығы бар­лық жағ­­дайда, соның ішінде цифр­лық кеңістікте де сенімді қор­ға­­луға тиіс. Әрбір азамат қан­дай әрекеттер өз құқықтарын бұза­ты­нын, мұндай жағдайда кім­ге талап қоя алатынын және бұ­зылған құқықтарын қалай қал­пына келтіруге болатынын нақты білуі қажет.
    Негізгі заңда меншіктің бар­лық түрі танылып, олардың тең дә­режеде қорғалатыны бекі­тіл­ген. Жаңа Кодексте бұл конс­ти­­туциялық қағида меншік құ­қы­ғының бірыңғай мазмұнын ай­қын­дау және оны қорғаудың тиім­ді тетіктерін қалыптастыру арқылы одан әрі дамытылуға тиіс. Сондай-ақ мемлекет те азаматтық-құ­қықтық қатынастарда өзге қаты­су­шылармен тең құқыққа ие болуы қажет.
    Меншік құқығын қорғау кепіл­діктері кәсіпкерлік еркін­дігімен де тығыз байланысты. Өндіріске инвестиция салу, жаңа жұмыс орындарын ашу немесе ұзақмерзімді келісімшарт жасасу туралы ше­шім қабыл­дағанда адам өз құ­қық­тары­ның қорғалатынына және тарап­тардың алған міндеттеме­лері тиісінше орындалатынына сенім­ді болуы керек. Азаматтық заңна­маның тұрақтылығы мен құ­­қықтық нормалардың айқын­дығы осындай сенімді нығайта түседі.
    Конституцияда бекітілген мұрагерлік құқығы да айрықша маңызға ие. Бұл саладағы нормаларды жетілдіру кезінде адамның өз еркін білдіру құқығы мен отба­сының мүддесі ескерілуге тиіс. Өйткені мұрагерлік – адамның ұзақ жылғы адал еңбегінің нәти­жесін сақтаумен қатар, жақында­рының болашағын қамтамасыз етудің де маңызды кепілі.
    Қолданыстағы Азаматтық кодекс тәуелсіз Қазақстанның қа­­лыптасуында маңызды рөл ат­қар­ды. Отыз жылдан астам уа­қыт ішінде ол нарықтық эконо­ми­каның негізгі институттарын бекітіп, шарт еркіндігі мен азамат­тық-құқықтық қатынастарға қа­ты­сушылардың теңдігін орнық­тырды. Сонымен қатар оның негізінде құқық қолдану және сот практикасы қалыптасты.
    Бұл мол тәжірибе алдағы жұ­мыстың берік діңгегі болып қала береді. Осы жағдайда өзі­нің тиімділігін дәлелдеген әрі түсінікті болып қалған нормаларды сақтап қалу қажет. Бұрыннан қалыптасқан құндылықтар мен жаңалықтар арасындағы сабақ­тастық қалыптасқан құқық­тық қа­тынастарға деген сенім­ді жоғалт­пай, заңнаманы жаңғыр­туға мүм­кіндік береді.
    Дегенмен кейінгі уақытта экономика да, адамдардың күнде­лікті тыныс-тіршілігі де түбе­гейлі өзгерді. Сатып алуларымыз бен қызметтердің едәуір бө­лігі цифрлық ортаға көшті. Электрондық шарттарды пайдалану кеңейіп, платформалық өзара іс-қимыл модельдері қалыптастып, зияткерлік қызмет нәтижелерін жасаудың және пайдаланудың жаңа тәсілдері пайда болды. Жа­санды интеллектінің дамуы жауап­кершілік пен тәуе­кел­­дер­ді бөлуге қатысты қосым­ша мәселе­лерді туын­датып отыр.
    Заңнама бұл өзгерістерге Кодекске енгізілген түзетулер мен жекелеген заңдарды қабылдау арқылы кезең-кезеңімен жа­уап беріп келді. Ендігі міндет – жинақталған құқықтық шешім­дердің өзара байланысын сара­лап, олардың арасындағы қайшы­лықтарды жою және негізгі қа­ғидалардың бірізділігін қамта­ма­сыз ету. Әңгіме жекелеген нор­маларды жаңартумен ғана шек­телмейді. Азаматтық құқық­тың негізгі институттарын, олар­дың өзара байланысын және қолданылу практикасын кешенді түрде бағалау қажет. Мұндай ауқым­ды міндет жекелеген тү­зету­лер енгізу шеңберінен шы­ғып, азаматтық заңнаманы жүйе­лі түрде қайта қарауды талап етеді. Яғни заңнамалық өзгеріс­терді рәсімдеу тәсілдері құқық­тық реттеудің сапасын арттыруды көздейді.
    Ғылыми ортадағы сындарлы пікірталас бұл жұмыстың мазмұ­нын тереңдетуге мүмкіндік береді. Әділет министрлігіне ғалымдар мен практик-заңгерлерден келіп түскен ұсыныстар да осыны көрсетеді. Олардың заңнамалық өзгерістерді рәсімдеу нысанына қатысты көзқарастары әртүрлі болғанымен, қолданыстағы Ко­дексті мұқият қайта қарау, оның негізгі институттарын жаң­ғырту және озық халықаралық тә­жіри­­бені зерделеу қажеттігі ортақ мә­селе ретінде көтерілген. Демек, заң­­намалық өзгерістерді рәсімдеу тәсілдеріндегі айырма­шылықтар бірлесіп шешім іздеу­ге негіз болатын ортақ маз­мұн­ды жоққа шығармайды. Біз үшін кәсіби ұсыныстардың құндылығы, ең алдымен, олардың болашақ құқықтық реттеудің сапасын қан­ша­лықты арттыра алатыны өте маңызды.
    Алдағы реформаның басты бағыты – мүліктік құқықтардың нақты жүйесін құру. Мұнда әңгіме тек жекеменшік туралы емес, өзгенің мүлкін заңды пайдалану құқығы жөнінде де болып отыр. Бізге құқықтардың пайда болуы, мазмұны мен қорғалуының ортақ ережелерін белгілеп, мүлікті иеленушіні кез келген заңсыз қысымнан қорғау қажет.
    Мұның түпкі мәні – меншік иесі мен оны пайдаланушы ара­сындағы ашықтық пен түсінік­ті ережелер. Құқықтар мен міндет­тер әр тарапқа бірдей айқын болуы шарт. Бұл күнделікті тұрмыс­тағы азаматқа да, тұрақтылықты көздейтін бизнеске де бірдей тиімді.
    Шарт еркіндігі де – осының ажырамас бөлігі. Азаматтар мен би­знеске келісімшарттарын өз бетінше белгілеуге көбірек еркін­дік берілуі керек. Бастысы — өз­генің құқығы тапталмаса бол­ғаны. Артық тыйымдар мен шек­теулерді алып тастау маңызды.
    Алайда шарт жасасатын та­раптардың мүмкіндіктері әр­дайым бірдей бола бермейді. Мәселен, қандай да бір қызметті пайдаланатын азамат көбіне алдын ала белгіленген шарт талаптарын қабылдауға мәжбүр. Оның өзінен әлдеқайда ықпалды тараппен келісімнің әрбір тармағын тең дәрежеде талқылауға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан шарт еркіндігін кеңейтумен қа­тар, азаматтарды әділетсіз талап­тар­дан қорғаудың тиімді тетік­терін де қарастыру қажет. Бұл ретте кәсіпкерлердің өзара қаты­нас­тары мен кәсіпкер және тұты­ну­шы арасындағы шарттық қаты­настардың ерекшеліктері еске­рілуге тиіс. Әйтпесе, Азаматтық кодексті жаңғыртудың басты мақсаты – адам құқықтары мен мүдделерін қорғау қағидатының мәні әлсірейді.
    Егер үлгілік шарттың қандай да бір талабы тұтынушының құқықтарын шектесе, заңнама сол талаптың күшін жоюға және мүмкіндігінше шарттың өзін сақтап қалуға мүмкіндік беруі тиіс. Өйткені мұндай жағдайда тұтынушы үшін ең маңыздысы – қажетті қызметті заңды әрі әділ талаптар негізінде алу.
    Мәміленің күшін сақтау жалпы қағидаттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Оны жарамсыз деп тану үшін азаматтардың құқықтарын, құқықтық тәртіп негіздерін және заңмен қорғалатын өзге де мүдделерді қорғау қажет­тігінен туындайтын жеткілікті негіздер болуы шарт. Мұндай тәсіл шарттық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өз міндеттемелерін адал орындайтын тараптардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға ықпал етеді.
    Адалдық қағидасы қағаз жү­зін­де емес, іс жүзінде жұмыс істеуі қажет. Өз міндетін адал атқарып, өзгемен санаса білген азамат немесе кәсіпкер заңның қор­ғауында болуы шарт. Соны­мен қатар заңды тұлғалар мен кор­поративтік ережелерді жа­ңар­­­ту да маңызды. Қазіргі эко­­­но­­­ми­каға инвестиция тарту, биз­­­несті өркендету және капитал бірік­тіру үшін қолайлы әрі түсі­­нікті ережелер ауадай қажет. Бірақ қа­тысушылардың қауіп­сіз­дігі мен нақты жауапкершілігі бас­ты орында қалуға тиіс.
    Жаңа Кодекс бүгінгі күні әлі пайда болмаған технология­лар енгізілген жағдайда да өзекті­лігін жоғалтпайтындай болуы керек. Сондықтан құқықтық рет­теуді нақты бір технологияға тәуел­ді бол­майтын, жалпыға ортақ қа­ғи­да­лар негізінде құру ұсы­ны­лады.
    Қосымша немесе өзге де цифр­­­­лық шешімдер арқылы шарт жасасқан сатып алушы мін­­дет­­­­­­теменің орындалуына кім жауап­­ты екенін, шарт талапта­рын қалай растауға болатынын және құқықтары бұзылған жағ­дай­да қайда жүгіну керектігін түсі­нуі қажет. Кәсіпкерге де цифр­­­­­лық сервистерді пайдалану мен олармен байланысты тәуе­кел­дерді бөлу жөнінде нақты әрі түсінікті ережелер керек. Өзара іс-қимылдың технологиялық тәсі­лі құқықтық қорғау деңгейін төмен­детпеуге тиіс.
    Ол үшін мәмілелерге, құқық объектілеріне, жауапкершілік пен дербес құқықтарды қорғауға қатысты нормаларды бір арна­ға тоғыстыруымыз керек. Зият­кер­лік меншік, цифрлық мұра және шетелдік элементі бар қаты­нас­тар да жаңа дәуірдің талаптарына сай қайта қаралуға тиіс.
    Сонымен бірге Кодекс аза­мат­тық-құқықтық реттеудің не­гізгі актісі ретіндегі маңызын сақ­­тауы қажет. Мемлекеттік бас­­қару мәселелері мен арнайы рә­сім­­дер жеке­леген заңдармен рет­те­луі мүмкін. Алайда олардың аза­­­­мат­­тық-құқықтық салдары
    Ко­­­де­­к­с­­­тің жалпы ережелерімен үй­­­ле­сімді болуы керек. Бұл бағыт­тағы нақты шектеулер мен құ­зы­рет­­­терді ажырату мәселелері жо­ба­­ны әзірлеу барысында ай­қын­­­далады.
    Жаңа Кодексті әзірлеу кезін­де Қазақстанның азаматтық заңна­масына негіз болған континенттік құқық дәстүрін сақтау көзделіп отыр. Бұл ретте құқықтық инс­ти­тут­­­тардың жүйелілігімен және мүліктік қатынастарды рет­­­теу­дегі бірізділігімен ерек­ше­­­ле­­нетін Германияның азамат­тық-құқық­тық моделі на­зар­ға алынады. Бұған қоса, еуро­па­лық жеке құ­қықтың мо­дельдік қағи­дат­тарын, сондай-ақ ауқым­ды эко­но­микалық және техно­логия­лық өзгеріс­тер жағдайында аза­мат­тық заң­наманы жүйелеу тәжіри­­бе­сінен өткен Қытайдың құқық­­тық реформа­ларын зерделеу маңызды. Халықаралық тә­жі­рибені зерттеу­дің мақсаты – ше­тел­дік құқықтық нормаларды сол күйінде көшіру емес, Қазақ­стан­ның құқықтық жүйесі мен эко­номикалық қажет­тіліктеріне сай келетін тиімді шешімдерді табу.
    Шетелдік тәжірибеден алынатын әрбір тәсілдің қандай мақсатқа қызмет ететінін, өзге құқықтық институттармен қалай байланысатынын және ұлттық заңнамаға қандай ықпал жасайтынын алдын ала бағалау қажет. Бұл ретте еліміздің нақ­ты қажеттіліктері, отандық құ­қық қолдану тәжірибесі және ұсы­нылған тетіктердің Қазақстанның құқықтық жүйесіне сәйкестігі шешуші мәнге ие болуға тиіс.
    Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Алдымен құжаттың негізгі қағидаттары мен құрылымы келісіліп, содан кейін оның жекелеген бөлімдері дайындалады. Әзірленген нормалар кәсіби ортада талқыланып, ғылыми сараптамадан өткізіледі. Сонымен қатар Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі мен соған байланысты басқа заңнамалық актілерге енгізі­летін өзгерістер алдын ала пысықталуы қажет.
    Жаңа құқықтық жүйеге көшу барысында бұрын жасалған шарттар мен қалыптасқан құқықтық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Азаматтар мен ұйым­дар жаңа нормалардың өз құ­қықтары мен міндеттеріне қа­лай әсер ететінін, қандай талап­тар өзгеретінін және сол өзгеріс­терге бейімделу үшін не істеу керектігін алдын ала білуі қажет.
    Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу – осы уақытқа дейін қор­да­ланған кемшіліктерді жоюмен ғана шектелмей, заман талабына сай, өзара үйлесімді әрі біртұтас жеке құқық жүйесін қалыптастыруға берілген мүм­кін­дік. Бұл ретте отандық азамат­тық құқық ғылымының үздік жетіс­тіктері мен тәжірибеде тиімділігі дәлелденген құқықтық нормаларды сақтап қалу маңызды.
    Әділет министрлігі жан-жақты әрі мазмұнды пікір алмасуға да­йын. Түпкілікті шешім ғылыми көзқарастардың әртүрлілігіне емес, ұсыныстардың сапасы мен тиімділігіне негізделуге тиіс.
    Жаңа Кодекстің басты міндеті – құжаттың адам құқықтарын қорғауды қаншалықты күшейте­тіні, азаматтардың заңға деген сенімін нығайтатыны, сондай-ақ Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді дамуына қандай қолайлы жағдай жасайтынымен бағаланады.
    Ерлан СӘРСЕМБАЕВ,
    Әділет министрі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының Әділет департаменті" жаңалықтары