Алматыда метроның бірінші желісінің үшінші кезегін іске асыру жобасы аясында №1 бекеттің құрылысы жүргізілетін аумақта жол қозғалысының сызбасы өзгереді.
Қалалық көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, №1 бекет Алатау даңғылының бойында, Абай даңғылынан солтүстікке қарай орналасады.
Осыған байланысты 13 қарашадан бастап құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін Алатау даңғылының Абай даңғылынан Ұлықбек көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі. Бұл аумақтан жаңадан салынған айналма жол арқылы өтуге болады.
Қала тұрғындары мен қонақтарынан жол жүру бағытын алдын ала жоспарлап, орнатылған жол белгілерінің талаптарын сақтауды сұраймыз.
Еске салайық, метроның бірінші желісінің үшінші кезегінің жобасы аясында ұзындығы шамамен 5,3 шақырым болатын аралық тоннельдер мен үш бекет салу көзделген.
№2 бекет Алатау даңғылының бойында, болашақта салынатын Төле би көшесімен қиылысатын аумақта орналасады. Ал №3 бекетті «Барлық» базарының аумағында салу жоспарланып отыр.
Бұл жерде метроны автобус бағыттарымен және жеңіл рельсті көлік жүйесімен (LRT) байланыстыратын бірыңғай көлік-ауыстыру торабы құрылады. Сондай-ақ жеңіл автокөліктерге арналған тұрақ салу қарастырылған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









