Қазақстанда қазіргі жылыту маусымы штаттық режимде өтуде, барлық тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндады.
2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында Жүйелік оператордың кестесіне сәйкес еліміздің электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 8 энергия блогында, 49 қазандықта және 37 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Энергия көздерінде жабдықтардың қажетті құрамы қамтамасыз етілген, ал қалған жөндеу жұмыстары резервтік қуаттар есебінен жүргізілуде және жылыту маусымының өтуіне әсер етпейді.
Өңірлік электр желілік компаниялардың желілерінде 17,1 мың шақырым электр беру желісі мен 444 қосалқы станцияны жөндеу жұмыстары толық орындалды. Бұл жоспардың 100 пайызын құрайды. Сонымен қатар 377 шақырым жылу желісі де толық жөндеуден өткізілді.
«Жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржыландыру көлемі орта есеппен 27 пайызға ұлғайтылды. Атап айтқанда, электр станцияларын жөндеуге – 384 млрд теңгеге дейін, электр желілеріне – 393 млрд теңгеге дейін және жылу желілеріне – 198 млрд теңгеге дейін қаражат бөлінді. Осының нәтижесінде электр станцияларының тозу деңгейі 52 пайызға, электр және жылу желілерінің тозу деңгейі тиісінше 65,7 және 48 пайызға дейін төмендеді. Өткен жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны орта есеппен 6 пайызға азайды. Бұл ретте ең жоғары төмендеу электр станцияларында тіркеліп, 8 пайызды құрады», – деп хабарлады Ерлан Ақкенженов.
Ведомствоның мәліметінше, ағымдағы жылдың 10 айында электр энергиясын өндіру көлемі 102 млрд киловатт-сағатты құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 пайызға жоғары. Ағымдағы күзгі-қысқы кезеңде электр жүктемесінің ең жоғары көрсеткіші 18 200 МВт-қа дейін өседі деп болжануда. Бұл өткен маусымның ең жоғары көрсеткішінен 3 пайызға артық.
Энергия көздерінің отын қоймаларында нормативтік қор қалыптастырылған: 5,8 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут жинақталған.
Халықты отынмен қамтамасыз ету мақсатында министрлік жанынан көмір өндіруші кәсіпорындардың, операторлардың, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Республикалық штаб жұмыс істейді. Ағымдағы маусымда халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге жалпы қажеттілігі 7,3 млн тоннаны құрайды (оның ішінде 1,6 млн тонна – коммуналдық-тұрмыстық секторға, 5,7 млн тонна – халыққа). Есепті күнге дейін 4,52 млн тонна көмір дайындалған, бұл қажетті көлемнің 62 пайызы.
Жазғы кезеңде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында өңірлерде жылу және электр желілерін реконструкциялау жұмыстары жүргізілді.
Степногор қаласында бастапқы тозу деңгейі шамамен 85 пайызды құрайтын 9,5 шақырым жылу желісі реконструкцияланды.
Талдықорған қаласында бірінші кезең аясында тозу деңгейі 87 пайызды құрайтын, 46 жыл пайдаланылған диаметрі 700 мм магистральдің 3,5 шақырымы жаңартылды.
Петропавл қаласында ұзындығы 4,3 шақырым болатын екі жылу магистралі учаскесі жаңғыртылды, ал Қарағанды қаласында тозу деңгейі 81 пайызды құрайтын диаметрі 1020 мм жылу магистралі жаңартылды.
«Барлық жобаларда отандық энергия тиімділігі жоғары алдын ала оқшауланған құбырлар қолданылды. Бұл жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және салынып жатқан нысандарды қосу үшін қосымша қуат резервін қалыптастыруға мүмкіндік берді», – деп баяндады министр.
Өңірлік электр желілерін жаңғырту жұмыстары да жүргізілді.
Астана қаласында 30 мыңнан астам абонентті электр энергиясымен қамтамасыз ететін 14,4 шақырым тарату желісі реконструкцияланды.
Қарағанды облысындағы «Жосалы» қосалқы станциясында тозу деңгейі 92 пайызға жеткен 10 кВ сыртқы қондырғының жиынтық тарату құрылғысы ауыстырылды.
Батыс Қазақстан облысында бірқатар әуе электр желілері жаңартылды. Нысандарда заманауи, тозуға төзімді, жоғары температураға шыдамды сымдар пайдаланылды.
Қысқы кезеңде энергиямен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігі электр станцияларындағы қалған жөндеу жұмыстарының аяқталуын, отынның төмендетілмейтін нормативтік қорының сақталуын, сондай-ақ авариялық материалдар мен жабдықтар қорының болуын және кезекші бригадалардың толық жасақталуын бақылауда ұстап отыр.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









