Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында ұйымдастырылған «Энергетикалық ауысуды қамтамасыз ету: энергетикалық қауіпсіздік, ұтқырлық және критикалық минералдар» (Powering the Transition: Energy Security, Mobility & Critical Minerals) атты халықаралық сессияны бірлесіп ұйымдастырушылардың бірі болды.
Іс-шара Қазақстан Республикасының ұлттық павильонында ШҚТУ, Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO) және RTCC ұйымдарының қатысуымен өтті. Талқылауға АҚШ, Марокко және басқа да елдердің халықаралық ұйымдары, университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері қатысып жатыр.
Сессия барысында энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экологиялық тұрақты көлік жүйелерін дамыту, критикалық маңызы бар және сирек жер металдарын өндіру мен өңдеу, сондай-ақ жоғары технологиялық салалар үшін инженерлік кадрлар даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. ШҚТУ критикалық маңызы бар минералдық ресурстарды зерттеу және өңдеу саласындағы ғылыми-технологиялық әзірлемелерін, сондай-ақ халықаралық ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамыту және инженерлік мамандар даярлау бағытындағы тәжірибесін таныстырды.
Университет Еуропалық одақтың Horizon Europe бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан TiBeRIUM жобасына қатысады. Жоба титан мен бериллийді өңдеудің экологиялық тиімді технологияларын әзірлеуге бағытталған. Сонымен қатар ШҚТУ Бельгиядағы Лёвен католик университетімен (KU Leuven), Финляндияның геологиялық қызметімен (GTK), шетелдік ғылыми ұйымдармен және өнеркәсіптік кәсіпорындармен әріптестік байланыстарды дамытып жатыр. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында сирек жер элементтерін зерттейтін ғылыми орталық құру.
ШҚТУ-дың COP31 аясындағы халықаралық сессияны ұйымдастыруға қатысуы қазақстандық ғылымның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға, ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге және отандық зерттеулерді жаһандық климаттық әрі өнеркәсіптік мәселелерді шешуге қосатын үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









