Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған цифрлық трансформация міндеттерін іске асыру аясында Солтүстік Қазақстан облысында жаңа форматтағы цифрлық кеңсе - AI-офис ашылды. Жоба мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, халықтың цифрлық сауаттылығын дамытуға және электрондық сервистерді өз бетінше пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы Руслан Әлишев пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев қатысты.
Жаңа кеңседе бірнеше функционалдық аймақ қарастырылған. Экспресс-аймақта жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуге өтінім беруге, цифрлық аймақта мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта өз бетінше алуға болады. Сараптамалық аймақта мамандардың кеңесін алу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар тұрғындар электрондық сервистерді пайдалануды тегін үйреніп, цифрлық сауаттылығын арттыра алады. Оқыту сабақтары сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өткізіледі.
AI-офистің ашылуы өңірдегі цифрлық трансформация бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың кезекті кезеңі болды. Бүгінде «Digital Aimak» жобасы аясында облыстың аудандары мен ауылдық елді мекендерінде 16 IT-орталық ашылды, оның 5-еуі ауылдарда орналасқан. Сонымен қатар, облыстағы 590 ауылдың 548-і интернетпен қамтылған. Бұл — 92,9%.
Алдағы уақытта цифрлық жобаларды аудандық деңгейде кеңейту, заманауи технологияларды түрлі салаларға енгізу және мемлекеттік әрі әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру жұмыстары жалғасады. Басты мақсат - өңірдің әрбір тұрғыны үшін цифрлық мүмкіндіктердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









