Облыс орталығының тұрмыстық қалдықтарын қайта өңдеу мәселесі талқыланды

    1 / 6

    Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов «DAR CAPITAL LIMITED» атты британиялық-германиялық холдинг өкілдерімен кездесті. Соның барысында Өскеменде жиналған қоқысты сұрыптап, одан баламалы отын өндіру және оны Павлодардағы зауытқа жеткізу ұсынылды.

    Инвесторлар Павлодар, Семей және Өскемен қалаларының қалдықтарын қамтитын ортақ жүйе құруды көздеп отыр. Жоспар бойынша қоқыс алдымен сұрыпталады, жарамды шикізат қайта өңдеуге жіберіліп, органикалық қалдықтар бөлек өңделеді. Қалған бөлігінен престелген отын өндіріліп, теміржол арқылы Павлодарға тасымалданады. Онда отынды жағу арқылы электр энергиясын алу жоспарланған.

    Холдинг өкілдерінің есебінше, бастапқы кезеңде қалдықтардың 15-20 пайызын осындай жолмен кәдеге жаратуға болады. Кейін бұл үлесті 50 пайызға дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылған.

    Жоба бюджет қаражатынсыз, жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылмақ. Алайда инвесторлар электр энергиясының тарифін 1 кВт/сағат үшін кемінде 55 теңге деңгейінде белгілеуді және қолданыстағы полигондарды сенімгерлік басқаруға беруді ұсынып отыр. Олар полигондарды рекультивациялау шығындарын да өз мойнына алуға дайын.

    Кездесуде ұсыныстың экономикалық жағына қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Атап айтқанда, қалдықтардан өндірілген отынды Павлодарға тасымалдау қосымша шығындарға әкелуі мүмкін. Оның қоқыс шығару тарифіне әсері де жан-жақты есептелуі тиіс. Бұған қоса, органикалық қалдықтарды уақтылы әкету және Өскемен полигонының алдағы жұмыс тәртібі нақтылауды қажет етеді.

    Инвесторлар жергілікті қоқыс шығаратын компаниялармен алдын ала келіссөздер жүргізген. Енді бастаманы Семей қаласында да талқылау жоспарланып отыр. Сонымен қатар жобаны егжей-тегжейлі зерделеу үшін жұмыс тобын құрып, қажетті экономикалық есептеулер жүргізу ұсынылды.

    «Жауапты басқармалар мен Өскемен қаласының әкімдігі инвесторлардың бастамасын басқа да ұсыныстармен салыстырып, нақты талдау жасауы тиіс. Ең алдымен, әр жобаның тұрғындар үшін қаншалықты тиімді болатыны және қоқыс шығару ақысына қалай әсер ететіні анықталуы қажет. Сондықтан түпкілікті шешім барлық нұсқа жан-жақты сараланғаннан кейін қабылданады», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

    (Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары