Исламабад, 2026 жылғы 9 қараша– Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігі ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін талқылауға арналған сарапшылық кездесу өткізді.
Іс-шараға Пәкістанның жетекші талдау орталықтарының, академиялық топтары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі Еркін Тұқымов пәкістандық сарапшылар қауымдастығы мен БАҚ өкілдерін Мемлекет басшысы Жолдауында айқындалған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі басымдықтарымен таныстырды. Өз сөзінде Елші Қазақстанның тәуелсіздік алған 35 жыл ішіндегі елеулі жетістіктеріне тоқталып, еліміздің Орталық Азиядағы ең ірі экономика, Еуразиядағы маңызды инвестициялық және көлік-логистикалық хаб, сондай-ақ теңгерімді әрі прагматикалық сыртқы саясат жүргізетін орта держава ретінде орныққанын атап өтті.
Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік байланыстарын нығайтуға, өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге және Қазақстанның Пәкістанның теңіз порттарына шығуы үшін қосымша бағыттарды қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық көлік-логистикалық дәліздерді, оның ішінде CASA дәлізін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Пікірталас барысында пәкістандық сарапшылар Жолдаудың стратегиялық бағыты мен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді.
Атап айтқанда, «Ортақ тағдыр қауымдастығы» институтының директоры, «Daily Big Digit» басылымының бас редакторы Халид Таймур Акрам ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайтуға және жастарды бірлескен жобаларға тартуға бағытталған қазақстандық-пәкістандық «зерттеу дәлізін» (Kazakhstan-Pakistan «Research Corridor») құру бастамасын көтерді. Ол бұл бағытты мемлекеттердің даму стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі ретінде атап өтті.
Еуразия институтының президенті Ирфан Шахзад Такалви Мемлекет басшысы жариялаған микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу туралы шешімді оң бағалап, оның кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және Қазақстан экономикасының өсуі үшін маңыздылығын атап өтті. Пәкістан тәжірибесіне сүйене отырып, сарапшы аталған шара алдағы үш жылда елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 25%-ға өсуіне ықпал етуі мүмкін деген болжам білдірді. Сонымен қатар И.Такалви өңірлік көлік байланыстарын дамытудың, атап айтқанда, Қорғас, Хунджераб және Карачи арқылы өтетін транзиттік бағытты пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, бұл бағыт Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауданы кеңейтуге және Орталық және Оңтүстік Азия нарықтарына шығуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Бахрия университетінің профессоры Адам Сауд Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы жетістіктерін және өңірлік интеграцияның, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастықтың перспективаларын атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстанның жоғары экономикалық көрсеткіштеріне назар аударып, 2026 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 19 мың АҚШ долларынан асуы болжанып отырғанын және бұл жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың нәтижелілігін көрсететінін жеткізді.
Өз кезегінде, «PTV News» редакторы әрі Орталық Азия бойынша тілшісі, «Daily Parliament Times», «The Nation» және «The Diplomatic Views» басылымдарының авторы Мұхаммад Заман жасанды интеллект, энергетика және бұқаралық ақпарат құралдары салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ халықтар арасындағы тікелей байланыстарды (P2P) кеңейту қажеттілігіне назар аударды. Осы тұрғыда М.Заман Пәкістанның тәжірибесін мысалға келтіріп, елдің IT-қызметтер экспорты 2025–2026 қаржы жылында 4,6 млрд АҚШ долларына жеткенін атап өтті және екі елдің цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастығының әлеуетін жоғары бағалады.
Айта кету керек, іс-шара Пәкістанның ұлттық мерекесі – Аллама Икбал күнімен тұспа-тұс келді. Осыған орай Елші Пәкістан халқына жылы лебізін білдіріп, көрнекті ойшылдың ағартушылық пен ұлттық прогресс туралы идеяларының мәңгілік маңызын атап өтті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









