Қазақстанға кірудің жаңа тәртібі: QazETA жүйесі туралы маңызды ақпарат

    1 / 10

    2026 жылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстанға кіруге арналған электрондық рұқсат беру жүйесін енгізуді көздейтін қаулы қабылдады.

    Жүйені енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады:

    2026 жылғы 1 қарашадан бастап - Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде: Ақтау халықаралық әуежайында, Үрлітөбе (Павлодар облысы), Аухатты (Жамбыл облысы), Атамекен (Түркістан облысы) және Нұрлы жол (Жетісу облысы) автомобиль өткізу пункттерінде;

    2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында;

    2027 жылғы 1 наурыздан бастап - Мемлекеттік шекара арқылы қалған барлық өткізу пункттерінде;

    2027 жылғы 1 шілдеден бастап - шетел азаматтарының Қазақстанға кіруі үшін электрондық рұқсат алу міндетті талапқа айналады. Электрондық рұқсаттың болмауы елге кіргізуден бас тартуға негіз болады.

    Өтпелі кезеңде, яғни 2027 жылғы 1 шілдеге дейін, электрондық рұқсаттың болмауы өздігінен елге кіргізуден бас тартуға негіз болып табылмайды.

    Бұл ретте шетел азаматтарына электрондық рұқсатты рәсімдеу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

    Жаңа жүйе көші-қон процестерін цифрландыруға, шетел азаматтары үшін рәсімдерді жеңілдетуге және елге келетін тұлғаларды алдын ала тексерудің тиімділігін арттыруға бағытталған.

    Қазақстан Республикасына кіруге арналған электрондық рұқсат барлық өтініш берушілер үшін тегін рәсімделеді және шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға арналған цифрлық платформа арқылы беріледі.

    Электрондық рұқсатты рәсімдеу тәртібі

    1. QazETA ресми мобильді қосымшасын Google Play немесе App Store платформаларынан жүктеп алыңыз. Сондай-ақ qazeta.kz сайтында веб-нұсқасы қолжетімді.
    2. Тіркелуден өтіңіз: электрондық пошта мекенжайыңызды немесе телефон нөміріңізді көрсетіп, оны растаңыз.
    3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтудің жоспарланған уақытына дейін кемінде 72 сағат бұрын ETA электрондық рұқсатын алуға өтінім беріңіз. Әдетте өтінім бірнеше минуттан жарты сағатқа дейінгі уақыт аралығында қаралады.
    4. Қажетті құжаттар мен мәліметтер:

    Шетелдік паспорт (көп жағдайда оның жарамдылық мерзімі кемінде 6 ай болуы ұсынылады) немесе Қазақстанға кіру үшін танылатын өзге де құжат (Ресей Федерациясының азаматтары үшін жекелеген жағдайларда ішкі паспортты пайдалануға рұқсат етілуі мүмкін, бұл ақпаратты қосымша арқылы нақтылау қажет);

    Паспорттың сканерленген көшірмесі немесе фотосуреті (қосымша NFC чипіндегі деректерді оқи алады);

    Сапардың мақсаты, жоспарланған күндері және байланыс деректері;

    Қажет болған жағдайда қосымша құжаттар.

    1. Электрондық рұқсатты алыңыз. Рұқсаттың қолданылу мерзімі - 180 күн. Осы кезең ішінде Қазақстанға бірнеше рет кіруге мүмкіндік беріледі.

    Электрондық рұқсатты тікелей шекарадан өту кезінде де рәсімдеуге болады.

    Маңызды ақпарат

    ETA электрондық рұқсаты визаны алмастырмайды (егер виза талап етілсе), елде болу мерзімін ұзартпайды және Қазақстанға кіруге кепілдік бермейді.

    Электрондық рұқсатты рәсімдеуден дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері, ресми делегация мүшелері, аккредиттелген дипломаттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы визасы немесе тұруға ықтиярхаты бар тұлғалар босатылады.

    Сапар алдында qazeta.kz ресми сайтындағы өзекті ақпаратпен танысу ұсынылады.

    Осылайша, электрондық рұқсат беру жүйесі Қазақстанға келетін тұлғалар туралы мәліметтерді алдын ала тексеруге, көші-қон рәсімдерін барынша ыңғайлы етуге және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезіндегі бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

    Пресс-релиз

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары