Биыл Айыртау ауданының Статистика басқармасына 106 жыл толып отыр. Ғасырдан астам уақыт ішінде заман да, жұмыс тәсілдері мен ақпаратты өңдеу әдістері де өзгерді. Алайда басты міндет – шынайы деректерді жинақтап, аудан өмірін сандар арқылы көрсету – өзгеріссіз қалды.
Бүгінде басқармада төрт адам еңбек етеді. Шағын ұжым түрлі кәсіби тәжірибесі бар, алайда ортақ мақсат пен нәтижеге деген жауапкершілікті біріктірген мамандардан құралған.
2026 жылдың ақпан айынан бастап аудандық Статистика басқармасын Алтынай Шаймуратқызы Садыкова басқарып келеді. Оның осы саладағы еңбек жолы 2001 жылы аудандық статистика бөлімінде жетекші маман қызметіне орналасуынан басталған.
Оған дейін Алтынай Шаймуратқызы Көкшетау индустриялық-педагогикалық техникумын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Алматы экономика және статистика академиясында білімін жалғастырған.
Еңбек жолында жетекші маманнан бас маманға дейін көтеріліп, бүгінде басқарма басшысы қызметін атқарып отыр. Алтынай Шаймуратқызының артында – ширек ғасырлық кәсіби тәжірибе, мол білім және статистика саласының өзіндік ерекшеліктерін терең түсіну бар.
Ол Көкшетау ауданына қарасты Қазақстан ауылында дүниеге келген. Жолдасымен бірге екі бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде төрт немересінің қызығына бөленіп отыр. Отбасы ол үшін әрдайым сенімді тірек әрі өмірінің маңызды бөлігі болып қала береді.
Бас маман Наталья Геннадьевна Бризицкаяның да кәсіби тәжірибесі мол. Ол Айыртау ауданының Статистика басқармасында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтап, өз жұмысының ерекшеліктері мен статистикалық есеп жүргізудің қыр-сырын жетік меңгерген. Наталья Геннадьевна мамандығы бойынша экономист. Екі баланың – ұл мен қыздың анасы.
Ұжымның тағы бір өкілі – жетекші маман Жания Шәріпқызы Темірбаева. Ол басқармада 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Экономист» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жылдарында өз ісінің тәжірибелі маманына айналған Жания Шәріпқызы үшін жауапкершілік пен әрбір детальға мұқият қарау кәсіби қызметтің басты қағидалары болып табылады. Тұрмыста, үш бала тәрбиелеп отыр.
Жақында ұжым қатарына жетекші маман қызметін атқаратын Наталья Сергеевна Кин қосылды. Оның мемлекеттік және жеке мекемелерде бухгалтер болып атқарған 18 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар. «Бухгалтер-аудитор» мамандығы бойынша жоғары экономикалық білім алған. Бұған дейін жинақтаған тәжірибесі статистика саласындағы жұмысына берік негіз болды. Өйткені бұл салада есептеулердің дәлдігі, құжаттармен жұмыс істеу дағдысы және ұсынылатын мәліметтер үшін жауапкершілік аса маңызды.
Статистика мамандарының еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Себебі кәсіби міндеттерінің басым бөлігі құжаттармен, есептермен, ақпаратты тексеру және өңдеумен байланысты. Алайда күнделікті атқарылатын осындай көзге бірден байқала бермейтін жұмыстардың нәтижесінде Айыртау ауданы дамуының жалпы көрінісі қалыптасады.
Кәсіби мереке қарсаңында аудандық Статистика басқармасының барлық қызметкерлерінің еңбегін атап өтіп, оларға зор денсаулық, отбасыларына амандық пен бақ-береке, кәсіби табыс және ертеңгі күнге деген сенім тілейміз!
Еңбектеріңіз әрдайым жемісін беріп, жұмыстарыңыз қуаныш пен қанағат сыйласын! Әрбір санның артында туған ауданымыздың игілігіне бағытталған жақсы нәтижелер мен оң өзгерістер тұра берсін!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









