Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тлеумұратов брифинг өткізіп, 2026 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады.
Экономикалық өсім – аудан дамуының негізгі көрсеткіші
Есепті кезеңде аудан экономикасының негізгі салаларында оң динамика қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 654,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға өсті. Негізгі капиталға 240,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 122,5 млрд теңгені, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 35,2 млрд теңгені құрады. Ал пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 23 096 шаршы метрге жетті.
Инвестиция және кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші
Ауданда өнеркәсіп әлеуетін арттыруға және жаңа өндірістерді дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. «Қазхром» ТҰК» АҚ мен «Коппер Технолоджи» ЖШС кен орындарын игеру жобаларын іске асыруда. Бұдан бөлек, жел энергетикасын дамыту және өңдеу өнеркәсібінің өндірістік қуатын ұлғайту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Шағын және орта бизнесті қолдау да тұрақты назарда. Бүгінде ауданда 2 870 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның 2 767-сі белсенді жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары аясында жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын 30 жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар «Хромтау» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары қолға алынған.
Ауыл шаруашылығы: инвестиция және жаңа мүмкіндіктер
Ауыл шаруашылығы саласына 4,8 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Егін жинау, мал азығын дайындау және мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстар атқарылуда.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 430 млн теңгені құрайтын 31 жоба қаржыландырылды. Жер қатынастары саласында 6 100 гектар жерді қайтару жұмыстары жүргізіліп, 1 802,56 гектар жер қайта айналымға енгізілді.
Жолдар мен инженерлік желілер жаңартылуда
Аудан аумағында жалпы ұзындығы 132,5 шақырым жолды қамтитын 19 жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың жалпы құны 14,7 млрд теңгені құрайды. Жұмыстар жол құрылысын салу, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу бағыттарын қамтиды.
Хромтау қаласы мен ауылдық елді мекендерде көшелерді жөндеу, жарықтандыру және инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары жалғасуда. Аққұдық ауылында жылу қазандықтары жөнделіп, 2,09 шақырым су құбыры мен 3,34 шақырым жылу желісі ауыстырылды.
Тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым
Есепті кезеңде әлеуметтік осал топтарға 156 пәтер берілді. Оның 144-і Хромтау қаласында, 12-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Дөң және Қопа ауылдарындағы мәдениет үйлерін жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. ERG S.a.r.l қаражаты есебінен құны 1,4 млрд теңгені құрайтын жабық бассейннің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар аудандық мұрағат-мұражай ғимараты салынуда.
Денсаулық сақтау мен білім беру саласына басымдық берілген
Хромтау аудандық ауруханасына жапсаржай салу жұмыстары жалғасуда. Жобаның құны – 1,9 млрд теңге. Сондай-ақ Никельтау, Тамды және Оңғар ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар салынуда.
Білім беру саласында мектептерді жөндеу және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жұмыстар атқарылды.
«Таза Қазақстан»: тазалық пен абаттандыруға ортақ үлес
Экологиялық акция аясында аудан бойынша 4 530 тұрғын, 45 мекеме мен кәсіпорын тазалық жұмыстарына қатысты. Нәтижесінде 1 896 аула, 95 көппәтерлі тұрғын үйдің аумағы және 18 тарихи-мәдени ескерткіш тазартылды.
Аудан аумағына 11 043 көшет отырғызылып, тұрғындарға қосымша 500 көшет таратылды. Сонымен бірге 125 тонна қалдық шығарылды. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қайта жаңғыртуға 450 млн теңге бағытталды.
Брифинг соңында аудан әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Жыл соңына дейін жоспарланған міндеттерді орындау және ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









