Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттарды кеңінен түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы «Руханият» орталығында кездесуі өткізді. Жиынға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы, аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық басқарма басшылары және зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары қатысты.
Кездесуде аудан әкімі Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталды.
– Жолдауда еліміздің алдағы даму кезеңіне арналған стратегиялық міндеттер айқындалып, экономиканы жаңғырту, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, әлеуметтік саланың сапасын арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама еліміздегі инфрақұрылымдық жобаларды жандандыруға, әлеуметтік нысандардың құрылысын өрістетуге, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға және азаматтарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға тың серпін бермек. Сондықтан Жолдауда белгіленген міндеттерді сапалы әрі нәтижелі жүзеге асыру – баршамызға ортақ жауапкершілік, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мәжілісте Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Жоракелдіұлы әлеуметтік саясаттың басым бағыттары жөнінде баяндап, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, азаматтардың жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейту, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты үйлестіру, әлеуметтік төлемдердің тиімділігін арттыру және халықтың осал топтарына көрсетілетін көмектің атаулылығын қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау, өнім көлемін арттыру және саланы заманауи технологиялармен жаңғырту мәселелерін баяндады.
Өз кезегінде Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы Жолдаудағы қоғамдық-саяси және идеологиялық бағыттарға тоқталды. Ол қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау, азаматтық жауапкершілікті арттыру, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын халық арасында кеңінен түсіндіру мәселелері жөнінде сөз қозғады.
Жиын соңында Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Балшекер Өтегенова жолдаудың маңыздылығына тоқталып, келген қонақтарға жылы лебізін білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









