Арқалық қаласында телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту, ұялы байланыс сапасын жақсарту және тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Аталған жұмыстар қаланың 70 жылдық мерейтойына дайындық аясында да маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі болып табылады.
Байланыс нысандарын жаңғырту
«Қазақтелеком» АҚ ғимаратында ішкі жөндеу жұмыстары аяқталды. Аталған жұмыстарға 34,8 млн теңге бағытталды. Қазіргі уақытта ғимараттың техникалық мүмкіндіктерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жобаға 101,4 млн теңге қарастырылған.
Сонымен қатар «Қазпочта» АҚ ғимаратының сыртқы қасбетін жаңарту жұмыстары жүргізіліп, оған 5 млн теңге бөлінді.
«Қазтелерадио» АҚ ғимаратының сыртқы қасбетін жаңарту жұмыстары да аяқталды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен бұл мақсатқа 28 млн теңге бөлінді.
Ұялы байланыс сапасын жақсарту
Қала аумағында ұялы байланыстың сапасын арттыру және қамту аймағын кеңейту мақсатында антенна-діңгекті инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қолға алынған.
2026 жылдың басынан бері қала аумағында 9 антенна-діңгекті құрылыс салынды. Бұдан бөлек, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС қосымша 10 антенна-діңгекті құрылғы орнатты. Сонымен қатар тағы екі базалық станцияның құрылысы жүргізілуде.
Атап айтқанда, Арқалық қаласы әуежайы маңында жаңа антенна-діңгекті құрылыс нысаны салынды. Құны 58 млн теңгені құрайтын жоба «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің өз қаражаты есебінен іске асырылды. Бұл жоба аталған аумақтағы ұялы байланыс сапасын жақсартуға және байланыс қамту аймағын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Интернет желісін жаңғырту
«Қазақтелеком» АҚ тарапынан абоненттік байланыс желілерін жаңғыртып, ескірген ADSL технологиясынан заманауи GPON оптикалық-талшықты технологиясына көшіру жұмыстары жүргізілуде.
Жоба аясында жоспарланған 122 көпқабатты тұрғын үйдің бүгінгі таңда 46-сы жаңа технологияға қосылды.
GPON технологиясына көшу интернет жылдамдығы мен байланыс тұрақтылығын арттырып, тұрғындардың цифрлық қызметтерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Арқалық қаласына қарасты 11 ауылдық елді мекенге дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде.
Бұл бастама ауыл тұрғындарының жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділігін арттырып, электрондық мемлекеттік қызметтерді, қашықтан білім беру және басқа да цифрлық мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады.
Жалпы, телекоммуникациялық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғырту – Арқалық қаласының цифрлық дамуының маңызды бағыттарының бірі. Жүзеге асырылып жатқан жобалар тұрғындарға көрсетілетін байланыс қызметтерінің сапасын арттыруға, интернет қолжетімділігін кеңейтуге және қаланың заманауи цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









