Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қаладағы бірқатар құрылыс және инфрақұрылым нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен сапасын тексерді.
Алдымен қала басшысы «Ынтымақ» тұрғын үй алабында салынып жатқан бес қабатты, жалпы саны 200 пәтерден тұратын бес тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстары жалғасып жатқанымен, бекітілген кестеден кешігу қаупі бар екені анықталды. Осыған байланысты қала әкімі мердігер ұйымға жұмыс қарқынын күшейтіп, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Одан кейін «Құлагер» шағын ауданындағы №26 тұрғын үйдің жай-күйі қаралды. Мұнда жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Сондай-ақ қала әкімі «Оңтүстік-Батыс» ауданын жылумен қамтамасыз ететін қуаттылығы 49 Гкал/сағ жаңа қазандықтың аумағын аралады. Қазіргі уақытта асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, аумақты абаттандыру жұмыстары соңғы кезеңге жеткен.
Бұдан бөлек, «Жастар» шағын ауданындағы №42 көпқабатты тұрғын үйдің биыл абаттандырылған ауласының жай-күйі тексерілді. Қала басшысы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жүргізілген абаттандыру жұмыстарының сапасына ерекше назар аударды.
Аралау барысында «Біржан сал» көшесінде «Ұлттық жоба» аясында жаңғыртылған жылу желілерінің аумағындағы қалпына келтіру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Қазіргі уақытта аталған көшеде асфальт төсеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Сонымен қатар «Креативті орталық» ғимаратындағы қайта жаңғырту жұмыстарының барысы тексерілді. Бүгінде нысандағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Аралау қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға барлық нысандағы жұмыстардың сапасын қатаң бақылауда ұстап, қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









