Талдықорғанда Литва Республикасының Құрметті консулдығы ашылды

    1 / 11

    Бүгін Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында Литва Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімі Ернат Бәзіл, Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эгидиюс Навикас бастаған ресми делегация және құрметті қонақтар қатысты.

    Салтанатты шара аясында қала әкімі елші Эгидиюс Навикаспен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту және өзара тиімді әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.

    Қала әкімі өз сөзінде Қазақстан мен Литва арасындағы достық қарым-қатынастардың нығайып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Құрметті консулдықтың ашылуы Жетісу өңірінің халықаралық байланыстарын кеңейтіп, инвестициялық әлеуетін арттыруға жаңа мүмкіндіктер беретінін жеткізді.

    «Талдықорған қаласы шетелдік инвесторлар мен іскерлік серіктестер үшін ашық. Құрметті консулдықтың ашылуы екі елдің кәсіпкерлері мен ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірлескен жобалардың жүзеге асуына серпін береді деп сенемін», – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.

    Құрметті консулдықтың негізгі қызметі – Жетісу облысы мен Литва арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар өңірдегі Литва азаматтарына және осы елмен байланыс орнатуға мүдделі жергілікті кәсіпкерлерге өз өкілеттігі шеңберінде ақпараттық-консулдық қолдау көрсету көзделген.

    Айта кетейік, Литва Республикасының Қазақстандағы елшілігі Астанада, ал Бас консулдығы Алматыда орналасқан. Сондай-ақ еліміздің бірқатар өңірінде Литваның құрметті консулдары қызмет атқарады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Талдықорған қаласының әкімдігі" жаңалықтары