Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушіні тіркеу есебіне қою

    1. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушіні тіркеу есебіне қоюға мынадай қызмет түрлерін:

    1) бензин (авиациялықтан басқа), дизель отыны, газохол, бензанол, мұнай еріткіші, жеңіл көмірсутектер қоспасы, экологиялық отын өндірісін;

    2) бензинді (авиациялықтан басқа), дизель отынын, газохолды, бензанолды, мұнай еріткішін, жеңіл көмірсутектер қоспасын, экологиялық отынды көтерме жəне (немесе) бөлшек саудада өткізуді;

    3) этил спиртін жəне (немесе) алкоголь өнімдерін өндіруді;

    4) алкоголь өнімдерін көтерме жəне (немесе) бөлшек саудада өткізуді;

    5) темекі өнімдерін өндіруді жəне (немесе) көтерме саудада өткізуді;

    6) ойын бизнесін;

    7) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сəйкес, сондай-ақ өнеркəсіптік құрастыру туралы келісім болған кезде төлем жүргізілген акцизделетін тауарлардың импортын қоспағанда, осы Кодекстің 536-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, құрастыруды (жинақтауды);

    8) тауарлардың электрондық саудасын жүзеге асыратын салық төлеушілер жатады.

    2. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушіні тіркеу есебіне қою жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілерінің жəне (немесе) салық салуға байланысты объектілердің тұрған жеріндегі салық органдарында жүргізіледі.

    Осы баптың 1-тармағының 1) - 5) тармақшаларының мақсаттары үшін салық салуға байланысты объектілер деп мұнай өнімдерін өндірушінің өндірістік объектісі, мұнай өнімдерінің базасы, резервуар, жанармай құю станциясы, мұнай өнімдерін өндірушімен мұнай жəне (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу шартында (мұнайды жеткізушілер үшін) немесе қосымшада (ерекшеліктер) көрсетілген мұнай жəне (немесе) газ конденсаты мен мұнай өнімдерінің шығу көлемі, осы баптың 1-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін пайдаланылатын стационарлық жəне (немесе) қойма үй-жайлары түсініледі.

    3. Лицензиялауға жататын қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушіні тіркеу есебіне қою тиісті лицензия болған жағдайда лицензияның қолданылу мерзімінен аспайтын мерзімге жүргізіледі.

    4. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) жəне 5) (темекі бұйымдарын өндіруді қоспағанда), 6) - 8) тармақшаларында көрсетілген қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушіні тіркеу есебіне қою Қазақстан Республикасының рұқсаттар жəне хабарламалар туралы заңнамасында айқындалатын тəртіппен қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама (бұдан əрі осы параграфтың мақсаттарында - қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама) негізінде жүргізіледі.

    5. Уəкілетті орган айқындаған салық төлеушілер базасын қалыптастыру тəртібімен белгіленген құжаттармен қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама қызметтің жекелеген түрін жүзеге асыру басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей салық органына ұсынылады.

    6. Салық төлеушіде осы баптың 1-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын бірнеше салық салу объектілері мен салық салуға байланысты объектілер болған кезде əрбір салық салу объектісі мен салық салуға байланысты объектіні тіркеу есебі жеке-жеке жүргізіледі.

    7. Салық төлеушіде бірнеше ойын мекемелері болған жағдайда тіркеу есебіне қою əрбір ойын мекемесі бойынша жеке-жеке жүзеге асырылады.

    Ойын мекемесінің аумағында салық органдарында тіркелмеген салық салу объектілерін жəне салық салуға байланысты объектілерді пайдалануға жəне олардың болуына тыйым салынады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары