Баянауыл ауданының әкімі А. Ксентаев бастаған делегация Түркістан қаласына рухани-танымдық сапармен барып қайтты.
Сапар Арыстан баб кесенесінен басталып, баба рухына құран бағыштаумен және кесене музейімен танысумен жалғасты. Одан кейін делегация 1397 жылы іргесі қаланған, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне аялдады. Делегация мүшелері Кіші Ақсарайда жерленген Шоң би, Торайғыр би, Мырзақұл батыр, Бекше мерген, Азынабай Ақмырзаұлы сынды баянауылдық тарихи тұлғаларға тағзым етіп, құран бағыштады, сондай-ақ әйгілі Тайқазан жанында суретке түсті.
Рухани сапар 2021 жылы ашылған, 7 мыңға жуық экспонаты бар «Ұлы Дала Елі» орталығында жалғасып, қонақтар 9 тарихи-заманауи залды және «Түркі әлемінің пайда болу тарихы» 7D голографиялық шоуын тамашалады.
Сапар Баянауылдың қарағайлары отырғызылған «Заң мен тәртіп» саябағында аяқталды. Ауданның Құрметті азаматы Мұқан Қадырбеков жиналған қауымға бата беріп, екі өңір арасындағы ынтымақтастық пен бауырластық байланыстың нығая беруін тіледі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









