Полицейлер 250-ден астам тұрғынмен құқықтық мәселелерді талқылады

    Түркістан облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Бізден сұраңыз! Біз қасыңыздамыз!» атты екі күндік акция ұйымдастырылуда.
    Шара аясында құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін аумақтарда кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Акцияның алғашқы күні Сайрам ауданының тұрғындарымен кездесу өтіп, оған полиция қызметкерлері, ауыл әкімдігінің өкілдері мен ауыл билері қатысты. Жиынға 250-ден астам тұрғын жиналып, қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды.
    Кездесу барысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтықтан сақтану, заңсыз есірткі айналымына, оның ішінде синтетикалық есірткі таратуға қарсы күрес мәселелері кеңінен түсіндірілді.
    Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында жәбірленушілерді қорғау тетіктері, қорғау нұсқамаларын шығару тәртібі және құқықтық көмек алу жолдары айтылды. Интернет-алаяқтардың арбауына түспеу жолдары мен есірткінің жастар денсаулығына тигізетін зиянына да ерекше назар аударылды.
    Полиция қызметкерлері тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға және күмәнді жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлауға шақырды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары