ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР ПАРА АРМРЕСТЛИНГТЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРҒА ИЕ БОЛДЫ

    Үндістанның астанасы Нью-Дели қаласында пара армрестлингтен өткен XXVIII әлем чемпионатында Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының спортшылары жоғары нәтижеге ие болды. Әлемдік додада клуб өкілдері 6 жүлделі орынға ие болып, Қазақстан құрамасының жеңісіне өз үлестерін қосты.
    Биылғы 27 қазан мен 3 қараша аралығында өткен тартысты жарыс нәтижесінде отандастарымыз жалпыкомандалық есепте І орынға ие болып, әлем чемпионы атанды.
    Жастар арасында сынға түскен түркістандық пара спортшылар Әсемай Әшімбек 50 келі салмақ дәрежесінде сол және оң қолмен күресуден екі алтын медаль иеленді. Ал Заңғар Ералиев 65 келіден жоғары салмақта қос қолмен бақ сынап, екі күміс жүлдеге қол жеткізді.
    Ересектер арасында Салтанат Қонысова 70 келі салмақта сол қолмен күресте қола медаль иеленсе, Дилором Дыханова 60 келі салмақта оң қолмен күресте үшінші орыннан көрінді. Осылайша, спорт клубының мақтаныштары әлемдік додада 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етті.
    Спортшылардың бұл жетістігі – жүйелі дайындықтың, табандылық пен қайсарлықтың нәтижесі. Әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғаған жерлестеріміздің жеңісі өңір спортының әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түлкібас ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары