Маңғыстау облысындағы егін шаруашылығын дамыту және егіншілердің толғандырған өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылауға арналған маңызды жиын өтті. Қарақия ауданында ұйымдастырылған бұл жиынға облыс әкімінің орынбасары Т. Жеткізгенұлы төрағалық етіп, оған тиісті салалық басқарма, кәсіпорын басшылары мен жергілікті шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты.
Жиында ерекше назар аударылған басты мәселе – егін шаруашылықтарының жалға алған жер учаскелерін қосалқы жалға, атап айтқанда шетел азаматтарына беру үдерісінің заңдылық талаптарына сәйкестігі. Тараптар бұл бағыттағы олқылықтарды болдырмау және жер заңнамасының қатаң сақталуын қамтамасыз ету жолдарын жан-жақты талқылады.
Сонымен қатар, егін егу жұмыстары кезінде туындайтын экологиялық проблемалар да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, егістіктерде пайдаланылған полиэтилен қалдықтарын уақтылы жинау, оларды экологияға зиян келтірмей жою және қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәселелері көтеріліп, бұл ретте шаруалардың жауапкершілігін арттыру қажеттігі айтылды.
Одан бөлек, кәсіпкерлердің кәсіби қызметіне тікелей әсер ететін электр энергиясы тарифтеріне қатысты түйткілдер сөз болып, сала өкілдерінің үні тыңдалды. Жиын барысында сондай-ақ шетел азаматтарын маусымдық жұмысқа заңды түрде қабылдау және олардың еңбек қызметін реттеу тәртібі де пысықталды. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Т. Жеткізгенұлы көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстардың жіті назарға алынып, тиісті бағыттар бойынша жан-жақты зерделенетінін жеткізілді.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








