Ақтөбе облысында Green Horizon орман-климаттық жобасы аясында бүгінгі күнге дейін миллионға жуық көшет отырғызылды. Мерзімі 50 жылдық жобаның жалпы аумағы 6,4 мың гектарды құрайтын төрт жер учаскесін қамтиды және ол толығымен қазақстандық жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады.
Жобаның негізгі мақсаты – тозған жерлерді қалпына келтіру, жаңа орман алқаптарын қалыптастыру, биоалуантүрлілікті сақтау және климаттың өзгеруінің Ақтөбе облысына әсерін азайту. Өсіп келе жатқан ағаштар атмосферадағы көмірқышқыл газын сіңіру арқылы экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосады.
Алғашқы ағаш көшеттері 2025 жылдың мамыр айында отырғызылды. Көгалдандыру және ағаш отырғызу жұмыстары 2030 жылға дейін жалғасады. Ал одан кейінгі кезеңде орман алқаптарын күтіп-баптау және олардың жай-күйін бақылау жұмыстары ондаған жыл бойы жүргізіледі.
Жобаның жүзеге асырылу барысы, қол жеткізілген нәтижелері мен алдағы жоспарлары Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаевтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде талқыланды.
Жиынға Мәртөк ауданының әкімі Н.Мақсатов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы И.Еспағамбетов, Green Horizon жобасының иелері Н.Сыдықов пен А.Нұрланова, «Green Horizon» ЖШС директоры Н.Мұрзабаев, «Green Investment Group» ЖШС бас директоры әрі жоба консультанты Ж.Туенбаева, сондай-ақ «BDkair» ЖШС директоры Б.Динтаев қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Green Horizon» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум орман өсіру, жерді қалпына келтіру және өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған.
Жобаны «Green Horizon» ЖШС жүзеге асырады. Инвестиция қаражаты жер учаскелерін дайындауға, көшет өсіруге және сатып алуға, ағаш отырғызуға, қажетті инфрақұрылымды құруға, жасыл желектерді күтіп-баптауға және экологиялық мониторинг жүргізуге бағытталады.
Жобаның іске асырылу мерзімі – 2025–2075 жылдар. Осы кезеңде ағаштарды күтіп-баптау, қураған және жерсінбеген көшеттердің орнына жаңаларын отырғызу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және орман алқаптарының жай-күйін тұрақты бағалау көзделген.
Ақтөбе облысының климаттық ерекшеліктерін ескерсек, болашақ орман алқаптарын өрттен қорғау айрықша маңызға ие. Осыған байланысты жоба аясында өрттің алдын алу шаралары, аумақтарды бақылау, өрт қаупін бағалау және қызметкерлерге нұсқама жүргізу қарастырылыпты.
Жобаның экологиялық тиімділігі арнайы өлшеулер мен тәуелсіз тексеру арқылы расталады. Мамандар ағаштардың жерсінуі мен өсу қарқынын, топырақтың жай-күйін және сіңірілетін көмірқышқыл газының көлемін бақылайды. Бұл жұмыстарда далалық зерттеулер, геоақпараттық технологиялар және қашықтан бақылау әдістері қолданылады.
Green Horizon жобасы Verra ұйымы басқаратын Verified Carbon Standard (VCS) халықаралық стандартына сәйкес ерікті көміртек жобасы ретінде жүзеге асырылуда.
2026 жылдың қазан айында жоба туралы ақпарат бағдарламаның ашық тізілімінде жарияланды. Қазіргі уақытта тәуелсіз валидация және алғашқы верификациядан өтуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жобаның әдіснамалық сүйемелдеуі мен жобалық құжаттамасын әзірлеуді қазақстандық «Green Investment Group» ЖШС жүзеге асырады.
Жоба аясындағы жұмыстарға жергілікті мердігерлер мен мамандарды тарту жоспарланған. Бұл маусымдық және тұрақты жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ орман өсіру мен экологиялық мониторинг салаларында тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Барлық жұмыс Қазақстан Республикасының жер қатынастары, экология және еңбек саласындағы заңнамасына, өрт қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар жергілікті тұрғындармен өзара іс-қимыл жасауға және олардың мүдделерін ескеруге ерекше назар аударылады.
Меморандумға қол қою компания мен өңір арасындағы орман өсіру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз болады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









