2026 жылғы 4 қараша, Бухарест қаласы – Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Амангелді Саинов Румынияның Сыртқы істер министрі Дэн Некулэескунің Азия өңірі елдерінің дипломатиялық миссиялары басшыларымен кездесуіне қатысты.
Кездесу барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде Қара теңіздегі қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі және Румынияның аумақтық суларындағы ахуал жөнінде пікір алмасылды.
Өз сөзінде министр Азия өңірінің стратегиялық маңыздылығына тоқталып, оның үлесіне әлем халқының шамамен жартысы және жаһандық экономиканың 36 трлн. АҚШ долларына жуық жалпы ішкі өнімі тиесілі екенін атап өтті. Сондай-ақ Румынияның өңір елдерімен өзара сауда көлемі 28 млрд. АҚШ долларына жететінін атап өтіп, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің зор әлеуетіне назар аударды. Осы ретте ол диалогты нақты бірлескен нәтижелерге ұластыру қажеттігін баса айтты.
Министр экономикалық дипломатияны дамытуға, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және Азия мемлекеттерімен әріптестікті кеңейтуге ерекше мән берді.
Кездесуге қатысушылар ашық диалогты сақтаудың және өзара мүддені білдіретін бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан тарапы Румыниямен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға және екіжақты ынтымақтастықты, оның ішінде сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







