Бүгін Отырар аудандық мәдениет сарайының алдындағы алаңда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай дәстүрлі «Алтын күз – 2026» мерекесі кең көлемде аталып өтті.
Мерекелік шараға жиналған көпшілік алаңда қойылған ауыл шаруашылығы өнімдері мен техникаларын, қолөнер бұйымдары мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жәдігерлерді, сондай-ақ көркемсурет көрмесін тамашалады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тауарлар нарықтағы бағадан 15–20 пайызға төмен бағада ұсынылды.
Салтанатты іс-шара театрландырылған көрініспен басталып, «Қырманға кел, қалқатай» әні мен биі көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шара барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жүрген үлестеріне ерекше тоқталды. Сондай-ақ дала төсінде маңдай терін төгіп, ел ырысын еселеп жүрген диқандар мен мал шаруашылығы мамандарының еңбегі әрдайым құрметке лайық екенін атап өтті.
Шара барысында жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар еңбек озаттары, үздік ауылдық округтер, шаруа қожалықтарының басшылары мен сала мамандары аудан әкімінің арнайы марапаттарына ие болды.
Мерекелік шара аудан өнерпаздарының әсем әні мен күмбірлеген күйіне ұласқан концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









