Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Пірәлиевтің өмір жолы мен ғылым-білім саласына сіңірген еңбегін насихаттауға арналған «Ұлттық тәрбие ұлықпаны» атты дөңгелек үстел өтті. Тағылымды іс-шараға қала әкімінің орынбасары Мадияр Алипов қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – көрнекті ғалымның отандық ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесін кеңінен таныту, ұлттық құндылықтар мен тәрбиеге негізделген ғылыми-педагогикалық мұрасын кейінгі ұрпаққа үлгі ету.
Басқосуда ғалымның әріптестері, шәкірттері мен зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, оның ұстаздық жолы, кәсіби ұстанымы және ел руханиятына сіңірген еңбегі туралы естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ іс-шара барысында Серік Жайлауұлының өмір жолы мен қызметіне арналған «Сана биігіне самғау» деректі фильмінен үзінді көрсетілді. Бұдан бөлек, ғалымның көшбасшылық қыры мен ғылыми мұрасының маңызы туралы баяндамалар жасалып, мазмұнды пікірлер ортаға салынды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









