Президент Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру аясында Түркістан облысында халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыру, нақты мұқтаж азаматтарды анықтау және мемлекеттік көмектің тиімділігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірде 2027 жылдан бастап мұқтаждық қағидатын кезең-кезеңімен енгізу тетіктерін жетілдіру көзделіп отыр. Облыс бойынша 500 мыңға жуық отбасының әлеуметтік жағдайына кешенді бағалау жүргізу міндеті қойылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға зерделеу жұмыстарын формалды түрде жүргізуге жол бермей, олардың сапалы әрі толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Бекітілген көрсеткіштер толық орындалуы керек. Мүгедектігі бар азаматтарды қайта куәландыру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтаңыздар. Оңалту индикаторларын орындап, қажетті қолдау шараларын толық қамтамасыз етіңіздер. Саланы цифрландыру бойынша нақты ұсыныстар енгізілсін. Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру, мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауда ұстау қажет, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Аппарат мәжілісінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлының атқарылған жұмыстар жөніндегі есебі тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, мұқтаждық қағидатын енгізу бойынша пилоттық жобаны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асыру жоспарлануда. Жоба төрт кезең бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте негізгі назар азаматтардың нақты әлеуметтік жағдайын бағалауға және әлеуметтік қолдауды шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағыттауға аударылады.
Отбасының цифрлық картасы аясында өзектендіруді қажет ететін «А» және «В» санаттарындағы азаматтардың деректері нақтыланды. Нәтижесінде «А» санатындағы әлеуметтік төлем алушылардың 200-ге жуығы мемлекеттік жәрдемақы алудан өз еркімен бас тартқан.
Өңірде әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен, мемлекеттік қолдауды қажет ететін отбасылардың табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс жүргізілуде.
Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қайта өңдеу саласында жалпы құны 1 679,0 млн теңгені құрайтын 55 кооператив құру жоспарланған. Нәтижесінде 220 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар бағдарлама аясында 10-нан астам азаматқа жалпы сомасы 81,5 млн теңге несие беріліп, олардың кәсіп бастауына және табысын арттыруына мүмкіндік жасалды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында облыс бойынша 100-ге жуық азаматқа кәсіп бастауға және өз ісін дамытуға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.
Алдағы уақытта да әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың табысын арттыру, жұмыспен қамтылуына және кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруына жәрдемдесу бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Жиында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да талқыланды. Бүгінде Түркістан облысында 104 313 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Бұл облыс халқының 5 пайызын құрайды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда олардың саны 1 912 адамға артқан.
Өңірде аудан және қала әкімдіктерінің қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылып, мүгедектікті тағайындаудың негізділігі мен азаматтардың техникалық оңалту құралдарына нақты қажеттілігін анықтау бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 6 758 азаматтың жүйеде көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны анықталды. Сонымен қатар 8 949 азаматты қайта куәландыру қажеттілігі және олардың оңалту құралдарына нақты мұқтаждығы қосымша зерделеуді қажет ететіні белгілі болды.
Зерделеу барысында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері тарапынан оңалту құралдарын негізсіз тағайындау фактілері де анықталуда. Аталған жағдайлар бойынша құзырлы органдар тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қабылдануда.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасы мен өнім берушілердің жұмысына да тексеру жүргізілуде.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман Нұрмаханов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің баяндамалары тыңдалды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне Президент Жолдауында берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж отбасыларға бағытталуына басымдық беріп, әр отбасының әлеуметтік жағдайын жан-жақты зерделеу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруды және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейтуді міндеттеді. Жауапты тұлғаларға бекітілген көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етіп, сала жұмысын цифрландыру бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









