ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА КЕЛГЕН ТУРИСТЕР САНЫ 43,4 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ

    1 / 4

    Түркістан облысында туризм саласын дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және өңірдің тартымдылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл саладағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында. Нәтижесінде туристер ағыны артып, салаға тартылатын инвестиция көлемі ұлғайып келеді.

    2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірге 217 мыңға жуық турист келген. Оның 11 338-і – шетелдік, 205 426-сы – отандық турист. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,4 пайызға жоғары. Былтырғы жылдың алғашқы алты айында облысқа 151 мыңға жуық турист келген болатын.

    Туризм саласынан түскен табыс та өсіп, 6 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 4 млрд теңгемен салыстырғанда 50 пайызға жоғары. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында туризм саласына 83 млрд теңге инвестиция тартылды.

    Туристік инфрақұрылымды дамыту аясында бірқатар жаңа нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Қолөнершілер орталығы» ашылды. Сондай-ақ Төлеби ауданында «Paradise Villas», Түркістан қаласында «Medina Palace» қонақүй кешендері іске қосылды.

    Биыл облыста жалпы құны 13,7 млрд теңгені құрайтын 25 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекеніндегі құны 1 млрд теңгелік «Khantau» демалыс аймағы бар. Құрылысы аяқталған нысан пайдалануға берілді.

    Түркістан қаласында да ауқымды туристік жобалар қолға алынған. Қазіргі таңда аумағы 12 гектарды құрайтын, инвестициялық құны 10 млрд теңгелік ірі аквапарк кешенінің құрылысы жүргізілуде. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жоба қаладағы туристік қызмет түрлерін кеңейтіп, келушілердің демалу мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраларды сақтау және олардың туристік әлеуетін арттыру мақсатында Күлтөбе қалашығын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал «Yassy Hall Apartments» қонақүй кешенінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

    Аталған жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, жаңа демалыс орындарын қалыптастыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және экономикаға қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді. Түркістан облысында тарихи-мәдени, зиярат ету, экологиялық және заманауи демалыс туризмін дамыту жұмыстары жалғасады.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары