МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКТОРЛАРЫНЫҢ ЗАҢДЫ ТАЛАПТАРЫН ОРЫНДАУ - ӘРБІР ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ МІНДЕТІ

    Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 192-бабына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттері – еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету, жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарының, оның ішінде қауіпсіз еңбек жағдайларына құқығының сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек заңнамасы мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштері мен арыз-шағымдарын қарау болып табылады.

    Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті келіп түскен арыз-шағымдар негізінде заңнамада белгіленген тәртіппен жұмыс берушілерге қатысты тексеру тағайындау туралы актілер шығарылып, мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіледі.

    Тексеру барысында жұмыс берушілер мемлекеттік еңбек инспекторларының заңды талаптарын орындап, сұратылған құжаттар мен мәліметтерді белгіленген мерзімде және толық көлемде ұсынуы тиіс.

    Бұл - еңбек заңнамасының сақталуын жан-жақты зерделеуге, жұмыскерлердің еңбек құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге және тексерудің объективті әрі сапалы жүргізілуіне мүмкіндік береді.

    Алайда, «Sayakhatchool» ЖШС Департаментпен келіп түскен арыздар негізінде тағайындалған жоспардан тыс тексеріс бойынша сұратылған құжаттарды уақытылы әрі толық көлемде ұсынбай, мемлекеттік бақылау іс-шараларының сапалы жүргізілуіне кедергі келтірген.

    Сондықтан, мемлекеттік еңбек инспекторы Б.Салықпен «Sayakhatchool» ЖШС қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды.

    Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 29 қазан 2026 жылғы қаулысымен «Sayakhatchool» ЖШС-не 302 750 теңге әкімшілік айыппұл салды.

    Осы ретте, барлық жұмыс берушілердің назарына мемлекеттік еңбек инспекторларының өз құзыреті шегінде қойылатын заңды талаптарын орындау, тексеру барысында сұратылған құжаттар мен мәліметтерді уақытылы әрі толық көлемде ұсыну, сондай-ақ мемлекеттік бақылау іс-шараларының кедергісіз жүргізілуіне жағдай жасау міндетті екенін назарға саламыз.

    Мемлекеттік еңбек инспекторларының заңды қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру немесе олардың заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз.

    Еңбек заңнамасын сақтау – жұмыскерлердің құқықтарын қорғаудың және жұмыс берушінің жауапкершілігін қамтамасыз етудің басты кепілі!

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті" жаңалықтары