Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы Президент Жолдауын іске асырудың Өңірлік жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырды.
«Мемлекет басшысы Үкімет пен өңір әкімдеріне экономиканың тұрақты өсімі, инвестиция тарту және инфрақұрылымды жаңғырту жөнінде міндеттер жүктеді.
Ендігі бағытымыз – Жолдауда айтылған бастамаларды нақты істермен ұштастырып, оларды тиімді әрі нәтижелі жүзеге асыру. Осыған байланысты облыстық экономика және қаржы басқармасы 10 қарашаға дейін барлық тапсырманы қамтитын өңірлік жоспар әзірлеуі қажет.
Күн тәртібіндегі келесі маңызды мәселе – халықты сапалы дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету.
Өздеріңізге белгілі, диспансерлік есепте тұрған азаматтарға тегін дәрілік заттар республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен беріледі.
Биыл республикалық бюджеттен бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 3,9 млрд теңгеге артып, 12,9 млрд теңге болды. «СК-Фармация» мекемесі жыл басынан бері өңірге республикалық бюджет есебінен 11,9 млрд теңгенің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарын жеткізіп, 149 мың науқас 9,4 млрд теңгенің дәрілік заттарын алды. Сондай-ақ биылғы 10 айда 481 науқасқа 1,7 млрд теңгенің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдары берілген.
Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық фармакология қызметін жетілдіру жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, облыстағы 14 медициналық ұйымда госпитальдық фармация бөлімшелері ашылды.
Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да сапалы әрі жүйелі түрде жалғастыру қажет», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Қуанышбаев атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде баяндама жасады.
Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, жыл соңына дейін облыс тұрғындарын дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен толық қамтамасыз ету, келесі жылға арналған қажеттіліктің нақты жоспарын әзірлеу керек. Дәрілік заттарға деген нақты сұраныс ескерілуі тиіс, негізсіз артық немесе жеткіліксіз етіп тапсырыс беруге болмайды. Осы ретте медициналық ұйымдардың дәрі-дәрмекпен қамтылуын тұрақты бақылау, жүйелі мониторинг жүргізу тапсырылды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









