Жезқазған қаласында 14-35 жас аралығындағы жастарға арналған «Оқитын ұлт» кітап оқу марафоны басталды. Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған байқау 2 қараша мен 5 желтоқсан аралығында өтеді, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Марафонның мақсаты – жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, қазақ әдебиетінің көрнекті шығармаларын насихаттау және қатысушылардың шығармашылық әрі зияткерлік қабілеттерін дамыту.
Байқау аясында қатысушыларға төрт шығарма ұсынылады:
1. Сайын Мұратбеков – «Жабайы алма»;
2. Дулат Исабеков – «Қарғын»;
3. Шыңғыс Айтматов – «Ақ кеме»;
4. А. Әлменбет – «Тергеуші».
Қатысу шарттарына сәйкес, Жезқазған қаласының 14-35 жас аралығындағы жастары ұсынылған тізімнен бір шығарманы таңдап, толық оқып шығуы қажет. Одан кейін кітаптың мазмұнын талдап, өз ойы мен алған әсерін бейнежазба арқылы жеткізуі тиіс.
Қатысушылар бейнежазбаларын әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында #Оқитын_ұлт_жезқазған хэштегімен жариялайды. Бейнематериалда шығарманың негізгі мазмұны қамтылып, көтерілген мәселелер қазіргі қоғаммен байланыстырыла талдануы керек.
Байқау жұмыстары бекітілген бағалау талаптарына сәйкес сараланады. Атап айтқанда, қатысушылардың дауыс ырғағы, сөйлеу мәнері, ой тереңдігі, шығарманы жан-жақты талдау және өз пікірін көркем әрі түсінікті жеткізу қабілеті ескеріледі.
Кітап оқу марафоны жастардың әдебиетке қызығушылығын арттырумен қатар, олардың сыни ойлау, талдау және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








