Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау және осы бағыттағы инфрақұрылымды жетілдіру мәселелеріне айрықша назар аударды.
Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Соңғы жылдары ерекше қажеттіліктері бар балалар санының артуы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде күшейтуді талап етеді.
Осыған байланысты Жолдауда Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту міндеті жүктелді. Мемлекет басшысы еліміздің барлық өңірінде жүргізілетін ауқымды құрылыс жұмыстары кезінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуына қажетті жағдайлар назардан тыс қалмауы керектігін атап өтті.
Сонымен қатар маман тапшылығын азайту, балалардың даму ерекшеліктері мен диагноздарын ерте жастан анықтау жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте «Қазақстан халқына» қорының аталған бағыттағы бастамаларға белсенді атсалысуы маңызды екені айтылды.
Инклюзивті білім беруді дамыту – әрбір баланың сапалы білім алуына, қабілетін ашуына және қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуына мүмкіндік беретін маңызды міндет. Сондықтан инфрақұрылымды жетілдіру, білікті мамандар даярлау және ерте қолдау көрсету жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылуы тиіс.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









