Орал қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «Буллингтің алдын алу: мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен іс-қимылы» тақырыбында республикалық тәжірибе алмасу семинары өтті.
Маңызды шараға Жамбыл облысынан «Қоғамдық келісім» КММ басшысы, Аналар кеңесінің төрағасы Мүбарак Жинақбаева, республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрағасы Сара Даузова және Жамбыл облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Иниятқызы Мырза-Ғали қатысты.
Семинар барысында Эльмира Иниятқызы спикер ретінде сөз сөйлеп, Жамбыл облысында жүзеге асырыла бастаған «Балаға жақын қоғам» жобасын таныстырды. Ол балалардың құқықтарын қорғау, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу және қиын жағдайға тап болған балаларға дер кезінде көмек көрсету бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Аталған жоба 2026 жылғы 4 қыркүйекте Жамбыл облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі арасында жасалған меморандум аясында қолға алынған. Бастама мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың күшін біріктіріп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың мәселелерін ерте кезеңде анықтауға бағытталған.
Жобаның негізгі ұстанымы – «Ескерту – анықтау – қорғау». Осы мақсатта қыркүйек айында өңірдің 10 ауданында аудандық Аналар алқасының мүшелерімен және белсенді ата-аналармен кездесулер өткізіліп, буллингтің алдын алу, баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқау және оған дұрыс қолдау көрсету мәселелері түсіндірілді.
Эльмира Иниятқызы өз сөзінде балалардың құқықтарын қорғау тек мемлекеттік органдардың немесе білім беру ұйымдарының міндеті емес екенін атап өтті. Бұл бағытта отбасы мен қоғамның да жауапкершілігі жоғары. Осыған байланысты жоба аясында Аналар алқасының әлеуетін пайдалану, ата-аналардың хабардарлығын арттыру және қиын жағдайға тап болған балаларды тиісті мамандарға бағыттау жұмыстарына басымдық берілмек.
Жамбыл облысының бұл тәжірибесін республика көлемінде тарату көзделіп отыр. Осы арқылы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы тиімді тәсілдерді кеңінен қолдануға, ведомствоаралық байланысты нығайтуға және әрбір баланың қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік туады.









