Алматы әкімі Дархан Сатыбалды өңірлік инвестициялық штабтың отырысын өткізді

    1 / 5

    Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың XVI отырысы өтті. Қатысушылар 7,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылатын 16 инвестициялық жобаны қарастырды.

    Жобалар өңдеу және химия өнеркәсібін, машина жасауды, тұрмыстық техника мен азық-түлік өндірісін, көлік логистикасын, туризмді, қонақ үй бизнесін, білім беру саласын, IT және креативті индустрияларды қамтиды.

    Ұсынылған бастамалар қатарында роботтандырылған жүйелер өндірісін жолға қою, отандық тұрмыстық техника шығару көлемін ұлғайту, қайталама шикізатты өңдеу, логистикалық орталықтар, қонақ үй мен білім беру нысандарын салу, сондай-ақ спорттық-туристік инфрақұрылымды дамыту жобалары бар.

    Алматының Индустриялық аймағында, оның ішінде аумақты дамытудың екінші кезеңі аясында жүзеге асырылатын жобалар да қаралды. Мұнда машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және металлургия кәсіпорындарын, халық тұтынатын тауарлар өндірісін және логистикалық кешендерді орналастыру жоспарланып отыр.

    Отырыс барысында қатысушылар жер аумақтарын беру, инженерлік желілерге қосылу, қала құрылысы құжаттамасын келісу және әкімшілік рәсімдерден өту мерзімдеріне қатысты мәселелерді көтерді.

    Сондай-ақ бюрократиялық кедергілерді азайту және инвестициялық жобаларды қолдау тетіктерін жетілдіру шаралары талқыланды. Салалық басқармалар мен жауапты ұйымдарға инвесторлардың өтінішін уақытылы қарау, өзара үйлесімді жұмыс жүргізу және қабылданған шешімдердің орындалуын қамтамасыз ету міндеті қойылды.

    Отырыс қорытындысы бойынша қаралған жобаларды одан әрі қолдау және олардың жүзеге асырылуына кедергі келтіретін мәселелерді шешу жөніндегі шаралар айқындалды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының әкімдігі" жаңалықтары