2026 жылғы 30 қазан - Любляна қаласындағы Center Rog мәдени және шығармашылық орталығында қазақтың дәстүрлі ұлттық тағамдарына арналған аспаздық шеберлік сабағы өтті. Іс-шараны Словениядағы қазақ диаспорасының өкілдері Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Шеберлік сабағына қатысушылар қазақ халқының бай аспаздық дәстүрлерімен, ұлттық тағамдарды әзірлеу ерекшеліктерімен, сондай-ақ олардың мәдени және тарихи маңызымен танысуға мүмкіндік алды.
Іс-шара бағдарламасы аясында дәстүрлі қазақ тағамдары – мәнті, самса және ұлттық ас мәзірінде ерекше орын алатын жент дайындалды. Қатысушылар тағамдардың рецептері мен әзірлеу тәсілдерімен танысып қана қоймай, оларды дайындау үдерісіне тікелей қатысып, қазақ халқының қонақжайлық дәстүрлерімен жақынырақ танысты.
Мұндай бастамалар ұлттық мәдениетті сақтау мен насихаттауда, қазақ диаспорасының өкілдері арасындағы байланысты нығайтуда, сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұрасын шетелде танытуда маңызды рөл атқарады. Ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі болып табылатын аспаздық дәстүрлер мәдениетаралық қарым-қатынастың әмбебап тілі ретінде халықтың тарихын, салт-дәстүрлері мен тұрмыс-тіршілігін тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Елшілігі іс-шараны ұйымдастыруға бастамашы болып, белсенді атсалысқан Словениядағы қазақ диаспорасының өкілдеріне, сондай-ақ шеберлік сабағын өткізуге алаң ұсынып, қолдау көрсеткен Center Rog басшылығына алғыс білдіреді.
Аталған іс-шара Қазақстан мен Словения арасындағы мәдени диалогты дамытуға, гуманитарлық байланыстарды нығайтуға және қазақ халқының ұлттық мәдениетін словениялық қоғам арасында кеңінен насихаттауға қосылған тағы бір үлес болды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








