2026 жылғы 20 қазан, Любляна қаласы – Словения астанасында Қазақстан Республикасының Республика күніне және Қазақстан мен Словения арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуына орай салтанатты қабылдау өтті.
Қазақстан Республикасының Словениядағы Елшілігі жетекші іскерлік серіктестердің қолдауымен ұйымдастырған бұл іс-шара Елшілік өткізген алғашқы ресми салтанатты қабылдау болып, Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы дипломатиялық қатысуын нығайту жолындағы маңызды тарихи қадамға айналды.
Салтанатты қабылдауға 200-ден астам мәртебелі қонақ қатысты. Олардың қатарында Словенияның бұрынғы Президенті Данило Тюрк, Словения Ислам қауымдастығының мүфтиі Невзет Порич, Любляна архиепископы-митрополиті Станислав Зоре, Президенттің кеңесшілері, Үкімет өкілдері, Парламент комитеттерінің төрағалары, дипломатиялық корпус мүшелері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, Словенияның іскерлік, қаржы және өнеркәсіп топтарының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, қазақ диаспорасының өкілдері, сондай-ақ Любляна тұрғындары мен қонақтары болды.
Словения Республикасының сыртқы және еуропалық істер министрі Тоне Кайзер арнайы бейнеүндеуінде Қазақстан халқын ұлттық мерекемен құттықтады. Словения дипломатиясының басшысы Қазақстан мен Орталық Азияның Словенияның сыртқы саясатындағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтіп, Қазақстан Елшілігінің Люблянада ашылуы екіжақты диалогтың дамуына тың серпін бергенін айтты. Сонымен қатар ол саяси ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және ауқымды бірлескен жобаларды іске асыруға сенім білдірді.
Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Елшісі Алтай Әбибуллаев құттықтау сөзінде Республика күнінің терең тарихи мәнін ашып көрсетіп, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануынан бастау алған тарихи үдерістің бүгінгі Қазақстанның жаңғыруы мен жаһандық өзгерістер жағдайындағы дамуымен сабақтастығын атап өтті. Елші әділетті әрі технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет құруға бағытталған Қазақстанның негізгі әлеуметтік-экономикалық реформалары туралы баяндады.
Сөз барысында Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі референдумның қорытындыларына, елдің жаңа бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтайға сайлауға, сондай-ақ Астананың жаһандық экологиялық бастамаларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы мен Қазақстан Республикасы Президентінің Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі стратегиялық бастамасы атап өтілді. Сонымен қатар Қазақстанның Еуропалық одақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі мен қосқан үлесі ерекше көрсетілді.
Екіжақты қатынастардың даму қарқынын бағалай келе, Елші Қазақстан мен Словенияның тереңдетілген әріптестіктің жаңа кезеңіне қадам басып отырғанын атап өтті. Бұл үдерістің маңызды негіздерінің бірі ретінде Словения Президенті Наташа Пирц Мусардың Қазақстанға жасаған тарихи сапары аталды.
Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары қатарында энергетика, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, көлік және логистика, денсаулық сақтау, жасыл технологиялар, ғылым, білім және туризм салалары белгіленді.
Кештің маңызды оқиғаларының бірі – қазақстандық KMG International компаниясының Словения нарығына шығатыны туралы ресми хабарландыру болды. Бұл қадам екі ел арасындағы энергетикалық және инвестициялық ынтымақтастықты практикалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріп, өзара экономикалық байланыстарды кеңейтуге тың мүмкіндіктер ашады.
Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына орай, қабылдау қонақтарының ерекше қызығушылығын Елшілік жасанды интеллекттің озық технологияларын қолдана отырып әзірлеген инновациялық бейнематериал тудырды. Таныстырылым Қазақстанның халықаралық аренадағы технологиялық даму мақсаттары мен цифрлық жаңғыруға деген ұмтылысын айқын көрсетті.
Люблянада өткен салтанатты қабылдау мерекелік іс-шара ғана емес, Қазақстан мен Словения арасындағы өзара құрмет пен жоғары деңгейдегі сенімнің, сондай-ақ жаңа геосаяси жағдайда берік әрі ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға деген ортақ ұмтылыстың айқын көрінісіне айналды.
Анықтама: Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 136,2 млн АҚШ долларын құрады. 2026 жылғы қаңтар–маусым айларындағы тауар айналымы 77,5 млн АҚШ долларына жетті. 2005 жылдан бастап 2025 жылдың үшінші тоқсанына дейін Словениядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 221,4 млн АҚШ долларын құрады.
Словенияның кедендік статистикасы бойынша, 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 215,6 млн АҚШ долларын құрады. Ал 2026 жылдың алғашқы сегіз айында бұл көрсеткіш 153,7 млн АҚШ долларына жетті.









