1 / 3
Қазығұрт ауданында полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Рахматуллаев Мейрамбек Нұрділлаұлын еске алуға арналған ерлер арасындағы волейбол турнирі өтті.
Аталмыш турнирге аудан әкімі Азизхан Исмаилов, Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ғалымжан Қуашбаев және Түркістан облыстық ішкі істер органдары Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев арнайы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында ерлік көрсеткен азаматтардың есімін ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды.
Отан алдындағы адал қызметі мен батырлығы үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Мейрамбек Нұрділлаұлының өмір жолы өскелең ұрпаққа отансүйгіштіктің, қайсарлық пен жауапкершіліктің үлгісі болып қала береді. Осындай азаматтардың есімін ұлықтау – кейінгі буынның парызы.
Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, ол адамды тәртіпке, табандылыққа, ұйымшылдыққа және жеңіске деген жігерге тәрбиелейді. Осы мақсатты көздеген турнир қатысушылардың спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, өзара достық пен ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал етті.
Байрақты бәсекеге Алматы қалалық Полиция департаменті, Шымкент қалалық Полиция департаменті, Түркістан облысы Полиция департаменті, Ішкі істер органдары ардагерлерінің командасы, Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің командасы, Ордабасы және Сарыағаш аудандық полиция бөлімдерінің командалары, Қарабастау командасы, Ж.Жабаев атындағы мектептің командасы, Қазығұрт ауданы әкімдігінің «Жігерген» командасы және Мейрамбек Рахматуллаев атындағы команда қатысып, өзара бақ сынады.
Ерлікке тағзым етіп, батыр есімін ұлықтауға арналған мұндай тағылымды шаралар елге қызмет етудің қадірін ұғындырып, жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға жол ашады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









