РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ

    1 / 3
    Қазығұрт асуындағы «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешенінде 25 қазан – Республика күніне орай Мемлекеттік Ту көтеру салтанатты рәсімі өтті.
    Салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігінің символына айналған көк байрағымыз көкке көтерілді.
    Іс-шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудан прокуроры Руслан Абдраимов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейдулла Сеңгірбаев, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні қарсаңында еліміздің барлық өңірінде Мемлекеттік Туды көтеру рәсімін өткізу игі дәстүрге айналды. Аталған тағылымды дәстүр киелі Қазығұрт жерінде де жалғасын тапты.
    Салтанатты жиында аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы жиналған жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтап, Республика күнінің тарихи әрі рухани маңызына тоқталды.
    - «Республика күні – халқымыздың тәуелсіз мемлекет болуға жасаған тарихи қадамын айшықтайтын, елдігіміз бен егемендігімізді дәріптейтін ұлық мереке. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өткізілуде. Бүгін біз де осы тағылымды дәстүрге үн қосып, көк байрағымызды биікке көтеріп отырмыз. Егемен еліміз өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты арта берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын! Көк байрағымыз әрдайым бейбіт аспанымызда желбірей берсін» – деді аудан әкімі.
    Мемлекеттік Ту – елдігіміздің белгісі, тәуелсіздігіміздің тұғыры, азаттығымыздың айбары. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – Отанға деген сүйіспеншілік пен ел болашағына деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазығұрт ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары