Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталығында (ҰТО) Марокко Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохаммед Рашид Маанину және Марокконың Экономикалық дипломатия жөніндегі ұлттық кеңестің президенті, профессор Амин Лагидимен кездесу өтті.
ҰТО басшысы Нұрлан Оразов қонақтарды Орталықтың қызметімен, негізгі зерттеу бағыттарымен, сондай-ақ мемлекеттік органдарға, халықаралық ұйымдарға және бизнеске арналған талдамалық жобаларды іске асыру тәжірибесімен таныстырды.
ҰТО-ның мінез-құлыққа негізделген құралдарды қолдану тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды. Атап айтқанда, отандық ірімшікті жылжыту бойынша эксперимент таныстырылды. Оның қорытындысы бойынша төрт апта ішінде пилоттық дүкендердегі сатылым 20%-ға өсті.
Кездесудің басты тақырыбы сараптамалық ынтымақтастықтың болашағы болды. Профессор Амин Лагиди ҰТО-ның Марокко және Африка елдерінің сараптамалық-талдау орталықтарымен әріптестік байланыстарын орнатуға көмектесуге дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында тараптар бірлескен зерттеулер жүргізу, сарапшылық тәжірибе алмасу, сондай-ақ пікірталас алаңдарына қатысу мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, өңірлік даму, инвестициялық саясат, халықаралық сауда және экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысының бірі - ҰТО өкілдерін қараша айында Танжер қаласында өтетін MEDays 2026 халықаралық форумына қатысуға шақыру болды. Іс-шара 120-дан астам елден мемлекеттік органдардың, бизнестің, халықаралық ұйымдардың және сараптамалық қауымдастықтың өкілдерін біріктіреді.
Тараптар диалогты жалғастыруға және практикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендерін білдірді.









