Қазақстан мен Бахрейн саяси консультациялар барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

    1 / 3

    Манама, 2026 жылғы 30 қазан– Қазақстан Республикасы мен Бахрейн Корольдігінің Сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялардың екінші раунды өтті.

    Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев, ал Бахрейн делегациясын Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты қатынастар жөніндегі бас директоры шейх Абдалла бен Али бен Халифа Әл Халифа басқарды.

    Консультациялар барысында тараптар Қазақстан мен Бахрейн арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға және практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.

    Биік және жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыруға, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға және екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық негізін жетілдіруге ерекше назар аударылды.

    Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, сондай-ақ энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, қаржы және туризм салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелері жан-жақты қаралды.

    Сонымен қатар, тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту, оның ішінде конфессияаралық диалог саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

    Халықаралық күн тәртібі аясында Таяу Шығыстағы ахуал бойынша пікір алмасты. БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және басқа да көпжақты алаңдар шеңберіндегі іс-қимылды үйлестіруді жалғастыруға мүдделілік білдірілді.

    Консультациялардың қорытындысы бойынша тараптар екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасындағы тұрақты байланысты және қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға, сондай-ақ саяси консультациялардың келесі раундын Астанада өткізуге келісті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі" жаңалықтары