2026 жылы 29 қазанда Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы ұлттық мереке – Республика күніне орай салтанатты қабылдау ұйымдастырды.
Іс-шараға Омбы облысының мемлекеттік органдарының, қоғамдық және іскерлік топтарының, дипломатиялық корпус өкілдері, Омбы облысындағы қазақ қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ отандастарымыз бен Қазақстанның достары қатысты.
Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко мен өңірдің бұрынғы басшысы Леонид Полежаев құттықтау сөз сөйлеп, Республика күнінің тарихи маңызын, Қазақстанның тәуелсіз даму жолындағы жетістіктерін және Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі тату көршілік қатынастарды сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Республикасының Бас консулы өз сөзінде 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған, еліміздің дербес дамуының негізін қалаған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңыздылығына тоқталды. Осы жылдар ішінде Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыру мен нығайтудың маңызды кезеңдерінен өтіп, одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамудың берік негізін қалағаны атап өтілді.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Қазақстанның даму басымдықтарына, оның ішінде экономиканы жаңғырту, білім мен ғылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу, қоғамдық келісімді нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар туралы айта келе, Бас консул өңіраралық ынтымақтастықтың, тарихи және мәдени байланыстардың, сондай-ақ екі ел тұрғындары арасындағы тікелей қарым-қатынастардың айрықша рөлін атап өтті. Омбы облысының Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық жүйесінде маңызды орын алатыны, ал қалыптасқан әлеует сауда-экономикалық, білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға мүмкіндік беретіні айтылды.
Іс-шараға қатысушылар өзара құрметке, сенімге және халықтар арасындағы көпжылдық достыққа негізделген дәстүрлі тату көршілік қатынастарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты қабылдау жылы әрі достық атмосферада өтіп, Қазақстан мен Омбы облысы арасындағы берік байланыстардың тағы бір көрінісіне айналды.








