1 / 4
Самар ауданында Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылғанына 35 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өтті.
Үш жарым онжылдық ішінде орталық ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін жандарға көмек көрсетіп, олардың өміріне жылулық пен мейірім сыйлап келеді. Орталықтың әр жылдық тарихының артында адам тағдыры, жанашырлық пен өз ісіне адал мамандардың күнделікті еңбегі тұр.
Мерейтой аясында орталық қызметкерлері мен сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Еңбек жолындағы адалдығы, кәсібилігі және халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін орталық қызметкерлері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің медальдарымен, мерейтойлық наградалармен, сондай-ақ облыстық және аудандық деңгейдегі Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шарада Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсел Төлепова құттықтау сөз сөйлеп, басқарма атынан ізгі тілегін жеткізді. Ол орталық қызметінің маңыздылығын атап өтіп, мамандарға жауапкершілігі мол еңбектері үшін алғысын білдірді.
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісовтің атынан орталық ұжымын аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Амангелдинов құттықтады. Ол қызметкерлерге күнделікті атқарып жүрген маңызды жұмыстары, мейірімділігі мен өз мамандығына деген адалдығы үшін ризашылығын білдірді.





