Кәсіпкерлер күніне орай Семей қаласында «Кәсіпкерлік – ел дамуының қозғаушы күші» атты форум өтті.
Іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы, кәсіпкерлер мен инвесторлар, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, Ұлттық Банк, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілдері қатысты.
Мерекелік шараның бас серіктесі — Kazakhtelecom Business.
Форумда қала әкімі кәсіпкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қала экономикасын дамытудағы, жаңа жұмыс орындарын ашудағы және тұрғындардың әл-ауқатын арттырудағы үлесін атап өтті.
«Былтырдан бастап бұл күн елімізде ресми кәсіби мереке ретінде аталып өтуде. Бұл — ел экономикасын дамытып, халықты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлердің еңбегіне көрсетілген құрмет.
Бүгінде Семейде 1 500-ден астам сауда нысаны жұмыс істейді. Сіздер жаңа жұмыс орындарын ашып, қала экономикасын нығайтуға үлес қосып келесіздер. Бизнесті қолдау мақсатында биыл арнаулы салық режимі бойынша салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілді.
Біздің міндетіміз — кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдап, мәселелерін бірлесе шешу. Кәсіп ашуға және оны кеңейтуге қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастырамыз. Адал еңбектеріңіз бен қала дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін!» — деді қала әкімі.
Салтанатты жиында қала дамуына үлес қосқан 9 кәсіпкер қала әкімінің Құрмет грамотасымен, тағы 6 кәсіпкер алғысхатпен марапатталды.
Форум кәсіпкерлердің құрметіне ұйымдастырылған мерекелік кешпен жалғасты.









