Төлеушінің орналасқан жері/тұрғылықты жері өзгерген кезде жеке шоттарды беру тәртібі
Салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоттарын беру тәртібі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы № 637 «Салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотын жүргізудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығының 4-тарауымен реттеледі.
Салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоты мынадай жағдайларда беріледі:
1. мынадай орындардың өзгеруіне байланысты:
жеке тұлғаның тұрғылықты (болу) жері;
жеке кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның орналасқан жері;
резидент заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ бейрезидент заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің орналасқан жері;
филиал немесе өкілдік ашпай, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғаның орналасқан жері;
cалық кодексінің 229-бабының 1-тармағына сәйкес бейрезиденттің тұрақты мекемесі ретінде қарастырылатын тәуелді агенттің орналасқан жері;
cалық кодексінің 687-бабының 9-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын бейрезиденттің орналасқан жері.
2. заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде – Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміндегі мәліметтер негізінде;
3. заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі есептік тіркеуден шығарылған кезде, оның жеке шотын заңды тұлғаның жеке шотына енгізу үшін – Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміндегі мәліметтер негізінде.
Жеке шотты беру үшін негіз туындаған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жеке шотты беру жүзеге асырылады.
Жеке шот оны беруші мемлекеттік кірістер органында ашылған күннен бастап жабылған күнге дейінгі кезең үшін беріледі. Жаңа тіркелген жері бойынша мемлекеттік кірістер органы бұрынғы мемлекеттік кірістер органы берген кіріс сальдосын ескере отырып, жеке шоттарды жүргізуді жалғастырады.
Жеке шоттарды берудің белгіленген тәртібін сақтау салықтық есептің үздіксіздігін, есептелген және төленген сомалар, берешек пен артық төлем туралы мәліметтердің сақталуын, сондай-ақ салық төлеушінің бюджетпен есеп айырысу жай-күйі туралы ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз етеді.









